Елордада зейнеткерлер арасында шахматтан турнир өтіп жатыр


Елорда күніне орай Астананың жаңадан ашылған «Сарайшық» ауданында зейнеткерлер шахматтан рапид сайысы бойынша сынға түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл шахмат бәсекесінде жеңімпаздар швейцариялық жүйе бойынша анықталады.
«Астанадағы әр ауданда «Белсенді өмір сүру орталығы» бар. Жоспарға сәйкес, әр спорт түрлерінен тұрақты түрде жарыстарды ұйымдастырамыз. Зейнеттегі кісілер бір емес, бірнеше спортты қатар алып жүріп, біршама жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгін шахматты таңдадық. Орталықтың мүшелері республикалық деңгейдегі Senate Open турнирінің финалдық кезеңіне дейін жетіп жатады. Сондықтан бас жүлдеге деген талас өте жоғары. Бұдан бөлек, велошеру, жүгіру, скандинавиялық жүріс және т.б. спорттарды да ұйымдастырамыз. Жалпы Астана тұрғындары салауатты өмір салтын қатты ұстанады», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Турнирдің мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.
«81 жастамын. Әйтсе де 2013 жылдан бері «Ақсақалдар кеңесін» құруға атсалысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жарыстарын мүлдем қалдырмай, белсенді түрде қатысып келемін. Тек қатысушы ретінде ғана емес, ұйымдастырушылардың арасында да жүремін. Зейнеткерлерге назарын аударатын, ұдайы көңіл бөлетін қала әкімшілігіне рақметімді айтамын», - деп жарыс қатысушысы Мәжит Бекежанов ойын бөлісті.
Ойын қорытындысы бойынша, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, алғысхатпен марапатталды.