Бокстан ерлер құрамасы Астанада ашық жаттығу өткізді

23 маусым, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Бокстан ерлер құрамасы Астанада ашық жаттығу өткізді
Фото: Қанат Байұзақов

Елордада 17-30 маусым аралығында ерлер құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшыларының қатысуымен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Команда қыркүйектегі әлем чемпионатының алдындағы соңғы ірі жарыстардың бірі - Әлем кубогының үшінші кезеңіне қатысады.

World Boxing ұйымының еліміздегі алғашқы халықаралық турнирін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы  30 маусым - 6 шілде күндері аралығында қабылдамақ.

Жарыстың басталуына 1 аптадай уақыт қалса да, бірнеше командалар Астанаға келіп, біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Сербия, Финляндия, Швеция, Әзербайжан, Аустралия, Германия мемлекеттері бар. Алдағы уақытта бұл тізімнің қатары ұлғая бермек. Қазақстан дәл осындай деңгейдегі ірі жарысты сонау 2013 жылы Алматыда қабылдаған (Әлем чемпионаты) еді. Сондықтан біраз елдер ұзақ үзілістен кейін Қазақстанға қайта ат басын тіремек.

«Астана төрінде шешуші оқу-жаттығу өткізіп жатырмыз. Қазақстаннан бөлек, шетелден 80 боксшы келді. Олардың арасында 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Билаль Беннама (Франция) сынды бірқатар танымал спортшылар бар. Әлем кубогына қатысатын құрамды оқу-жаттығу жиының соңында жариялаймыз. Себебі, боксшылардың кейбіреуі жарақат алып, ендібіреуі  бабында болмай қалуы мүмкін», - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Қазақстан құрамасы барлық 20 салмақта (ер және әйел) ең үздік боксшыларын қатыстырады. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен Әлем чемпиондары да бар.

«Нидерландтағы турнирде қабағымнан жарақат алып қалып едім. Турнирге дейін әлі бір аптадай уақыт бар. Толықтай жазылып, бабымда боламын. Шетелден спортшылар келіп жатса да, әлі ешкім толық ашыла қоймады. Барлығы бір-бірін зерттеп жүр. Енді жарыс өз жерімізде өткен соң, жауапкершілікті сезінемін», - деді  ұлттық құраманың мүшесі Абылайхан Жүсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласындағы алғашқы кезеңде жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алған болатын. Ал Польшадағы Феликс Штамм халықаралық турниріне санаулы күн қалғанда ғана «Әлем кубогы» мәртебесі берілгендіктен, Қазақстан құрамасы қатыспады.