Бибісара Асаубаева шахматтан әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Нью-Йоркте (АҚШ) өтіп жатқан блиц бойынша әлем чемпионатының нокаут кезеңіне жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстан шахмат федерациясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.
Бибісара Асаубаева іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, 8 ұпай жинады. Енді ол чемпиондық атаққа таласты нокаут кезеңінде жалғастырады. Қазақстандық шахматшы ширек финалда қытайлық Лэй Тинцземен ойнайды.
Нокаут кезеңінің алғашқы айналымында төмендегі шахматшылар кездеседі:
Вайшали Рамешбабу – Чжу Цзиньэр;
Лэй Тинцзе – Бибісара Асаубаева;
Екатерина Лагно – Карисса Йип;
Валентина Гунина – Цзюй Вэньцзюнь.
Айта кетейік, 20 жастағы Бибісара Асаубаева 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанды, ал 2021 және 2022 жылдары блицтен әлем чемпионатын жеңіп алды. Сондай-ақ ол Қазақстан әйелдер құрамасымен бірге шахмат олимпиадасында күміс жүлде еншілеген еді. Бұл Қазақстан үшін тарихи нәтиже болды.