Азия ойындарында туымызды кім ұстап шығады?
23 қыркүйек - 8 қазан аралығында Ханчжоуда (Қытай) өтетін лицензиялық Азия ойындарында еліміздің туын көтеріп шығатын спортшылар анықталды, деп хабарлады Elorda info.
2023 жылдың басты спорттық додасы саналатын Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая алып шығады.
Асланбек Шымбергенов — 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Әлем чемпионы (2023), Азия чемпионы (2022), 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Надежда Дубовицкая — 1998 жылы 12 наурызда Семей қаласында туған. Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022), Азия чемпионы (2023), құрлықтық рекордтың иегері (2021), Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.
Бұған дейінгі Азия ойындарында туымызды кімдер ұстаған?
1994 жыл (Хиросима) — Дәулет Тұрлыханов.
Грек-рим күресінен 82 келіде чемпион атанды.
1998 жыл (Бангкок) — Ермахан Ибраимов.
Бокстан 71 келіде чемпион атанды.
2002 жыл (Пусан) — Мұхтархан Ділдәбеков
Бокстан +91 келіде күміс жүлдеге ие болды.
2006 жыл (Доха) — Бақтияр Артаев
Бокстан 75 келіде күміс жүлдеге ие болды.
2010 жыл (Гуанчжоу) — Серік Сәпиев
Бокстан 69 келіде чемпион атанды.
2014 жыл (Инчхон) — Әділбек Ниязымбетов
Бокстан 81 келіде чемпион атанды.
2018 жыл (Джакарта) — Әбілхан Аманқұл
Бокстан 75 келіде күміс жүлдеге ие болды.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ