00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жеңіске бірге жүгір: Елордада 100-ге жуық отбасы жүгірісте жүлдеге таласты

24 қараша, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Жеңіске бірге жүгір: Елордада 100-ге жуық отбасы жүгірісте жүлдеге таласты
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін Астана қаласының көрікті жерінің бірі – Триатлон саябағында отбасылық жүгіріс ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Күз мезгілінің соңғы күндері болса да, Астанада қар түсіп, ауа райы төменгі градусты көрсетіп тұрғанына біршама болды. Алайда жексенбі күні қатты аяз болмай, қатысушыларға ауа райы қолайлы болды. Дәстүрлі отбасылық жүгіру сайысына 100-ге жуық отбасы тіркеліп, әкелер – 2,3 шақырым, аналар – 0,5 шақырым, балалар – 0,2 шақырымда жарысты.

«Тұрақты жүгіретін жандар жазда және қыста жүгірудің айырмашылығын бірден сезінеді. Қыста жылдамдық азайып, көп қимылдауға тура келеді. Оның үстіне Астана қаласының қысы қатал болғандықтан, жергілікті тұрғындар ауа райына бейімделген. Әсіресе бала ата-анасы арқылы қыста да спортпен айналысуға болатынын көріп, қорқынышын азайтады.

Балалар арасында 8-13 жас аралығы деп белгіленді. Неге? Cебебі, 8 жаста ғана баланың дене-бітімі қалыптасып, қатты жүгіруге бейімделеді.

Қашықтық та қатты үлкен емес. Небәрі – 200 метр. Оның өзінде бұл санатты тағы 3-ке бөлдік: 8-9 жас, 10-11 жас, 12-13 жас. Өйткені физикалық тұрғыдан айырмашылық қатты білінеді.

Бұндай шара әр жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Мақсатымыз – әр отбасыны салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға шақыру. Себебі, отбасылық эстафетаның ерекшелігі – отбасылар өзара бір-бірін қолдау, сенім арту, тіл табысуды үйренеді», - деп Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек пікірін білдірді.

Жарысқа қатысқан отбасылар жалпы сайыста емес, әр жеке категорияда жүлдегерлерді анықтап, жеке нәтижесіне байланысты естелік медальдар мен сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, қатысушылар арасында лотерея арқылы 10 велосипед ойнатылып, ыстық шай мен сендвич таратылды.

«Демалыс күнін жақсы өткізу үшін, алғаш рет отбасылық жүгіріске қатысуға шешім қабылдадық. Екі күн бұрын «Түнгі жүгіріске» барып едік. Енді 8 жастағы баламызды да сайыс алаңын көрсетуге бел будық. Әр жексенбіні қалай ұйымдастырамыз деп уайымдаушы едік. Енді тұрақты спорттық шаралардың арқасында отбасымызбен бірге болып, денсаулығымызды жақсартудамыз.

Жүгіріс шарасы – мотивацияға, жеңіске деген жігерге толы орта. Керемет әсер аламыз», - деді елордалық Інжу Ембергенова.

Алдағы уақытта да спортты серік еткен отбасылардың саны арта беретініне сенеміз.