Астанада шаңғы роллерден қалалық іріктеу кезеңі басталды


Елорданың орталық саябағында шаңғы роллер жарысынан Астана қаласының ішкі жарысы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дәстүрлі түрде өтетін шаңғы роллер сайысында 30-ға жуық спортшылар 3 жас санаты бойынша бақ сынап жатыр. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 1, 2,5 және 5 шақырым қашықтықта жеңімпаздарды анықтайды.
«Астана қаласында шаңғы роллерді танымал спорттардың қатарына жатқыза алмаймыз. Себебі біз тек орталық саябақта ғана жаттығамыз. Салыстырмалы түрде Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысында шаңғы, биатлонмен шұғылданушылар арнайы спорт кешенінде жаттығады. Қаламызда көп балалардың айналысуына мүмкіндік аз. Бірақ биыл орталық саябақтағы шаңғы базасы қолданысқа берілуі тиіс. Егер оның құрылысы бітіп, ашылса, қолымыз да ұзарар еді. Ал турнирімізге тоқталатын болсақ, қатысушылар кросс, еркін және классика бағдарламасында жарысады. Жүлдегерлер шілде айының соңында Павлодарда өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алады», - деді №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің аға бапкері Олег Нечитайло.
Осы орайда шаңғы роллер қысқы маусымға дайындық ретінде саналатынын айта кетейік. Бұл спорт түрінің секциясы балаларды 9 жастан бастап әр жылдың тамыз айында мектептеріне қабылдайды.
«Қазақстанда көптеген мектеп оқушылары танымал бокс, футбол үйірмелеріне барып жатады ғой. Бірақ маған ол спорт түрлері қатты ұнамады. Өзгелерден ерекшеленіп, 4 сыныпта шаңғыға бет бұрдым. Ұнады. Өзімдікі екенін білдім. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Жетістікке жету үшін, тұрақты дайындық және жол сілтейтін білікті бапкер қажет. Әзірше мен үшін барлығы ойдағыдай болып жатыр», - деп спорт шеберлігіне үміткер Абзал Бурханов өз ойын айтты.
Айта кетейік, шаңғы роллер бәсекесі ертең мәресіне жетеді.