Елордада БАҚ қызметкерлері арасындағы спартакиаданың жеңімпаздары анықталды


Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет БАҚ қызметкерлерінің спартакиадасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Alpha Gym» спорт кешеніндегі спорттық бәсеке «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өтіп, 100-ге жуық журналистер ләңгі тебу, бес асық, асық ату, волейболдан жүлдені сарапқа салды.
Іс-шараның марапаттау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, қалалық Коммуникациялар қызметінің басшысы Абзал Досыман және елордалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев қатысып, спартакиада жүлдегерлерін марапаттады.
«Ұлттық спорт түрлері бойынша жарысқа қатысқан баршаңызға айрықша алғысымды білдіремін. Бұл — жай ғана жарыс емес, халқымыздың тарихына, мәдениеті мен дәстүріне деген зор құрметтің белгісі. Бүгінгі спартакиада баршаңызға сергектік пен шабыт сыйлап, ең бастысы, достық пен өзара түсіністік рухында біріктіре түсті деп сенемін», - деді құттықтау барысында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.
Ләңгі тебуде «Хабар» агенттігінен Мақсат Серікжанов 83 ұпаймен бас жүлдені олжалады. Күміс жүлде 79 ұпай жинаған «Qazaq radiosy-нан» Мұқтар Тұртайұлына бұйырса, «Хабар» агенттігінінің тағы бір қызметкері Мұхаммеджан Теміров (69 ұпай) қола жүлдегер атанды.
Бес асықта АҚ «РТРК ҚАЗАҚСТАН» редакторы Нұрғайша Әбдуахит топ жарса, қалған орындарды Таңшолпан Рыскелдина (Спорттық медициналық орталығы), Айнұр Умралинова (№10 шайбалы хоккей спорт мектебі) иеленді.
Ал асық ату командалық сайыс ретінде өтіп, АҚ «РТРК ҚАЗАҚСТАН» бірінші орынды қанжығаларына байлады. «Qazaq radiosy» мен «Хабар» агенттігі де үздіктер қатарынан көрінді.
Волейболда өзге жарыстарда мықтылығымен көзге түсіп жүрген «Хабар» агенттігіне басқа командалар лайықты қарсылық көрсете алмады. Олар финалда «Qazaq radiosy» ұжымын 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Үшінші орын өткен кездесуде «Egemen Qazaqstan» қалалық спорт басқармасынан жасақталған «Тарланнан» басым түсті.
Жеңімпаздар кубок, медаль және дипломдармен марапатталды.