Астанада бұқаралық велошеру өтті

23 маусым, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Астанада бұқаралық  велошеру өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Елорда маңындағы  «Жасыл белдеу» саябағында бұқаралық велошеру өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қосшы бағыты бойынша айналма веложолдан Үркер тұрғын үй алабының саябағына дейінгі 25 шақырым қашықтықты еңсеруге 7 жастан бастап, 70 жасқа дейінгі 500-ге жуық қала тұрғыны жиналды.

«Бұл  - жарыс емес. Қатысушылар таза ауада серуендеп, табиғатымызды аяласа жеткілікті. Әуесқой спортшыларымыз мәреге жеткен соң, бірден тарап кетпей, экологиялық акцияға  үлес қосты. Енді қала күніне орай тағы да велошеруді ұйымдастыру жоспарымызда бар», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.

Велошерудің ерекшелігі  кез келген азамат тегін қатыса алады. Бастысы, өзімен бірге велосипеді болуы қажет. Олар мәреге жеткен соң естелік медаль мен лотерея арқылы ұтыс ойынына да қатысты. Солардың бірі - «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшесі Наила Оразбаева алғаш рет спорттық шараға қатысып, лотереяда велосипед ұтып алды.

«Біздің өзіміздің WhatsApp чатымыз бар. Жұма күні танысымыз тобымызға қалалық велошеру өтетіні жайлы ақпаратты бөлісті. Өзімде велосипед жоқ болса да, көршімнен сұрап алып, қатыстым. Бастысы ниеттің болуы. Келгенімнің арқасында су жаңа велосипедке ие болдым. Өзім қатты таңғалдым. Мүлдем күтпедім. Енді өзімнің велосипедіммен қаланың әсем жерлерін көріп, белсенділігімді жалғастыра беремін», - деп Наила Оразбаева эмоциясын жасырмады.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында лотерея арқылы 10 велосипед және 10 қорғаныш бас киімі ойнатылды, сондай-ақ  келушілерге ыстық палау таратылды.