00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

ASTANA OPEN: Елордада Тәуелсіздік күніне орай жүзуден республикалық турнир басталды

ASTANA OPEN: Елордада Тәуелсіздік күніне орай жүзуден республикалық турнир басталды
Фото: Астана қаласы №4 БЖМОРСМ

Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында Тәуелсіздік күніне орай жүзуден ASTANA OPEN ашық республикалық турнирінің жеңімпаздары анықталады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ашық біріншілікте 2008-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірім ұлдар мен қыздар сынға түсіп жатыр.

«Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын додаға 583 спортшы қатысуда. Олардың 197-сі – қыз, 386-сы – ұлдар. Бәсекеге Астанадан бөлек, Алматы қаласы, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облысынан спортшылар келді. Қатысушылар әртүрлі қашықтықтар бойынша жеке және эстафеталық сайыста жүлдеге таласады», - деді жүзуден Астана қаласының аға бапкері Анна Гершевич.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 12-14 желтоқсан күндері аралығында анықталады. Жарыстың бірінші күні эстафеталық жарыс, 50 метрге баттерфляй, 200 метрге брасс, 100 метрге еркін жүзу және 200 метрге шалқалай жүзу әдісі бойынша өрбиді. Екінші және үшінші күндері спорттық бәсекеде 50 метрге еркін жүзу, шалқалай жүзу, брасс, 100 метрге баттерфляй, шалқалай жүзу және брасс, 200 метрге еркін жүзу, баттерфляй, кешенді жүзу бойынша сынға түседі.

«Олимпиадада ең көп жүлде үлестірілетін спорттың қатарына кіретін жүзуде бірнеше мәселелер де кездеседі. Біріншіден, Астана қаласында жүзу спорт түрлері Астана қаласы әкімдігінің №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде ғана бар. Спорт мектебінің құзырында бассейннің болмауына байланысты 50 метр қашықтықты құрайтын Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнін жалға алып отырмыз. Өзіміздің арнайы бассейніміз болса деймін. Сонда нәтижеміз де жақсаратын еді. Екіншіден, жүзу бәсекесі тек бассейнде жүзумен ғана шектелмейді. Дайындық залы, заманауи электроника құрылғылары қажет. Спорт бір орында тұрмайды. Егер нәтиже қажет болса, біз де спорттағы ғылыми жетістіктерден қалыс қалмауымыз керек. Үшіншіден, жүзуге деген сұраныс жоғары. Алайда жүзу бассейнінің тапшылығынан үміткерлердің барлығын қабылдай алмаймыз», - деп жүзуден Астана қаласының аға бапкері Анна Гершевич ойын түйіндеді.

Айта кетейік, ашық біріншілікте үздік көрінген спортшылар ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндік алады.