00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

2025 жылы спортшыларымыз қандай ірі жарыстарға қатысады

8 қаңтар, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
2025 жылы спортшыларымыз қандай ірі жарыстарға қатысады
фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

2025 жылы ешбір Олимпиада ойындары өтпесе де, спортшыларымызды маңызды әлем және Азия чемпионаттары сынды бәсекелер күтіп тұр. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі отандастарымыз бақ сынайтын жаһандық додаларға шолу жасады. Олардың ішінде Астанада өтетін мәртебелі жарыстар да бар.

Astana Indoor meet for Amin Tuyakov prizes (25 қаңтар)

Астана қаласының Qazaqstan жеңіл атлетика кешені өз тарихында екінші мәрте жеңіл атлетикадан Astana Indoor meet for Amin Tuyakov prizes халықаралық турнирін қабылдайды. Естеріңізде болса, былтыр елордамызға әлемнің 45 елінен 136 спортшы қатысқан еді. Олардың қатарында 4 Олимпиада чемпионы, 10 әлем чемпионы, 3 Еуропа чемпионы, 1 Азия чемпионы болды. Биылғы бәсекені де көрермендер асыға күтетіні анық.

ІХ қысқы Азия ойындары

8 жылдық үзілістен кейін, 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласы қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Бұл жарыс - келесі жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындықты пысықтайтын ірі жарыстың бірі болмақ. Биылғы бәсекеге Азия құрлығынан рекордтық 34 елден 1500-ге жуық спортшы қатысады. 11 спорт түрінен 64 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын жарыста елімізден 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) бақ сынайды. Айта кетейік, бұған дейін 2017 жылғы қысқы Азия ойындары Жапонияда өтіп, отандастарымыз 9 алтын, 11 күміс, 12 қола медаль жеңіп алған еді.

Қысқы спорт түрлерінен әлем чемпионаттары (ақпан - наурыз)

Тау шаңғысы, биатлон, шаңғы, фристайл, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау спорттарынан Аустрия, Швейцария, Норвегия, Қытай, АҚШ-та өтетін әлем чемпионаттары 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға лицензиялық ұпай жинауға мүмкіндік береді.

Бокстан әлем чемпионаты

Наурыз айында Сербияда бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Мамыр немесе маусым айында ерлер арасында IBA ұйымының әлем чемпионаты Түркияда және қыркүйек айында World Boxing ұйымының әлем чемпионаты Англияда ұйымдастырылады деп жоспарланған. Бұған дейін бір жылда бұл спорт түрінен осынша әлем чемпионаты өтіп көрмеген.

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі (23.03 - 15.11.2025)

Қазақстан J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония, Лихтенштейн құрамаларымен күш сынасады. Елордамыздағы Astana Arena стадионы бір жылдық жөндеу жұмыстарынан кейін қайта футбол мерекесін қабылдауға дайын.

фото: Қазақстан футбол федерациясы

Пара дзюдодан әлем чемпионаты

Мамыр айында Астана қаласы өз тарихында алғаш рет пара дзюдодан жаһандық доданы қабылдайды. Турнирге Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек, күміс жүлдегер Ерғали Шамей және т.б. атақты спортшыларымыз қатысады.

Күрес түрлерінен Азия және әлем чемпионаты

Ересектер арасындағы Азия чемпионаты 25-30 наурыз күндері Иорданияда өтсе, әлем чемпионаты 13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында өтеді. Әйелдер арасында ең көп жүлде алған Жәмила Бақбергенова, еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханнан үміт күтеміз.

Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты (3-12 қазан. Форде, Норвегия)

2024 жылғы жаһандық додада 2 алтын алып, көрермендерді қуантқан ауыр атлеттеріміздің өнерін көпшілік жіті бақылайды. Нұрғиса Әділетұлы, Артем Антроповтан бөлек, жас әрі дарынды Едіге Емберді де жоғары тұғырдан көрінеді деп сенеміз.

Үстел теннисінен әлем чемпионаты (4-6 желтоқсан. Доха, Қатар)

Париж Олимпиадасында 1/8 финалға дейін жетіп, ұлттық құраманы алға сүйреген Кирилл Герасименко жыл сайын өзінің жетістіктерін жаңартуда. Биыл да отандасымыз бен артынан ерген жас спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.