120 млн теңге: Елорда бәйге түрлерінен ауқымды «Астана кубогын» қабылдайды

120 млн теңге: Елорда бәйге түрлерінен ауқымды «Астана кубогын» қабылдайды
Қанат Байұзақов

4 мамыр күні елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай “Astana Cup” классикалық ат шабысы мен бәйге түрлерінен республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Додаға Қазақстанның барлық өңірінен бәйге аттары қатысады. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 120 000 000 теңге.

«Ауыздығымен алысқан сәйгүліктер классикалық ат жарысы саналатын ұшқыр бәйгеде төрт қашықтық бойынша бақ сынайды: 1200 м, 1600 м, 1800 м және 2000 м. Сонымен қатар 12 шақырымдық “топ” бәйге мен 18 шақырымдық “аламан” бәйге өтеді. Айта кету керек, жалпы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау қаржылай сыйақы шығындары яғни жүлде қоры демеушілер есебінен жүргізіледі», — дейді қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Ұлттық спорт қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастырады.

Айта кетейік, жүйріктер додасының ашылу салтанаты 4 мамыр күні сағат 12:00-де өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Сонымен қатар «Қазанат» атшабарына №303, №309 және №323 бағыттарындағы автобустар қатынайды.