00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ләйлә Сұлтанқызы денсаулығын күтпейтін әйелдерге сын айтты

25 тамыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ләйлә Сұлтанқызы денсаулығын күтпейтін әйелдерге сын айтты

Ләйлә Сұлтанқызы денсаулығына салғырт қарайтын әйелдер туралы айтты. Тележүргізуші Instagram парақшасында қыз-келіншектерге кеңес берді, деп хабарлады Elorda.info.

 

"Келетін хаттардың құрылымы әртүрлі болғанымен, мазмұны бір. "Мен күйзелістен қалай шықсам болады", "шаршап жүрмін" деген сарында… Ал жүйкеңді ауыртып, іштей аяйтын хаттың көбі денсаулыққа қатысты. Ауырса, бірден ауруханаға бармайды. Болмаса, арамызда ауруханаға қолхат жазып кететінін мақтанышпен айтатындар да бар. Өйткені, баланы қарайтын, үйдегілерге шай беретін адам керек. Денсаулығы нашарлады, арықтау керек. Бірақ үстелде қалған тамақты "ысырап болмасын" деп жеп қояды. Өзін жайсыз сезінсе де соңына дейін шыдайтын, гинеколог дегенді жылдар бойы көрмегендер бар. Бірақ, бақыттың да, байлықтың да, жетістіктің де, білімнің де түбірі бір - денсаулық", - деді Ләйлә Сұлтанқызы. 

Сонымен қатар тележүргізуші адамдарды денсаулығын басқадан биік қоюға шақырды.

"Айтқым келгені, мені көптеген ірі-ірі форумға, бизнес-форумға, шараға спикер ретінде шақырып жатады. Бірақ, қандай сахнада тұрсам да, кімнің алдында сөйлесем де, үнемі бірінші денсаулық жайлы сөз етемін. Әсіресе, әйелдің денсаулығы жайлы. Бойында жаны бар, еті тірі әр адам өзінің саулығын басқасынан биік қою керектігін айтқым келеді, жеткізгім келеді. 

Құрметті құрбым, құрдасым, сырласым, сіңлім, әпкем, жеңгем! Басыңыз "жәй ғана" ауырса да, аяғыңыз тоңса да, бүйрегіңіз маза бермесе де дәрігерге асығыңыз. Ағзаңыздағы кез келген ыңғайсыздықтың арты жақсылыққа апармайды", - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.