«Еуразия» кинофестивалінде «Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы көрсетіледі
24-30 қараша аралығында Алматы XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің орталығына айналады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы фестиваль қазақстандық киноның айтулы мерейтойларымен ерекшеленеді. Қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы, сондай-ақ «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының 90 жылдығы және киностудияға Айманов есімінің берілгеніне 40 жыл толды.
«Бұл жыл біз үшін ерекше маңызға ие. «Еуразия» кинофестивалі ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып, жаңа белеске қадам басып отыр. Сонымен қатар, біз биыл Шәкен Аймановтың мәдени мұрасын дәріптеп, қазақ киносының байлығын әлемге танытуды көздейміз. Оның фильмдері көптеген буындарға шабыт берді. «Қазақфильм» киностудиясының қайта жаңғыруы да осыны айқындай түседі», – деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы, фестиваль директоры Айдар Омаров.
Фестивальдің ең басты шараларының бірі – Шәкен Аймановтың 1964 жылы түсірілген «Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы көрсетіледі. Бұл туынды ұлттық мәдениетке деген құрметтің ерекше белгісі ретінде ұсынылады. Фестивальдің бағдарламалық директоры Диана Әшімова картинаның реставрацияланған нұсқасын көрермен назарына ұсыну арқылы қазақ кинематографиясының байлығын жаңа сапада көрсетуді мақсат еткенін жеткізді.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Фестиваль бағдарламасында халықаралық байқау, Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдер байқауы өтеді. Сонымен қатар іскерлік алаңдардың жұмысы да қыза түспек.
«Фестиваль тек байқаулық көрсетілімдермен шектелмейді. Байқаудан тыс бағдарламалар, шеберлік сабақтары, премьералар және киноиндустрия мамандары үшін ерекше тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін беретін іскерлік алаңдар ұйымдастырылады», – деп атап өтті кинофестивальдің іскерлік алаңының жетекшісі Кәрім Қадырбаев.