Елордалық мектептің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді

Елордалық мектептің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді
Астана қаласы әкімдігі

Елорданың №84 мектеп-лицейінің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді, деп Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мектеп инновацияны енгізуде Google Workspace for Education платформасын таңдады. Бұл орта мұғалімдер мен оқушыларға бірлескен жұмысты тиімді ұйымдастыруға жол ашады. Google Classroom, Google Docs, Google Sheets, Google Slides, Google Forms секілді құралдар сабақ жоспарын әзірлеуді, тапсырмаларды орындауды және жедел кері байланыс орнатуды жеңілдетуде.

Сонымен қатар оқу процесіне Gemini AI платформасы енгізілді. Жасанды интеллект мұғалімдер үшін бірқатар тиімділік ұсынады: оқу материалдарын әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімдеу, автоматты түрде сұрақтар мен тест тапсырмаларын құрастыру, оқушылардың жұмысын әділ әрі жылдам бағалау, сабаққа дайындық уақытын қысқартып, тиімділікті арттыру.

«Жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізу – біздің мектеп үшін үлкен жетістік. Бұл қадам мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың білім алуына жаңа серпін береді.

Ең бастысы – әр баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай білім алуға жағдай жасалады. Біз оқушыларымызды болашақтың талаптарына сай, жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеуді көздеп отырмыз», – дейді №84 мектеп-лицейінің директоры Самал Нұғыманова.