«Қазақ аруы-2024»: Баян Алагөзова байқау нәтижесіне байланысты пікір білдірді
Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы өзінің Instagram парақшасында кеше Алматы қаласында өткен «Қазақ аруы-2024» байқауының нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Кешегі байқауда дауыс беруге қатысты дау көп. Telegram 100 мыңға жуық дауысты санады. Бірақ дәл қазір осы жерде дауыс бергендер мен дауыс бере алмағандарға қатысты сауалнама жүргізгім келіп тұр. Осы жерде белгіліп өтіңіздер,- деді белгілі продюсер.
Сонымен қатар Баян Алагөзова кеше Youtube арқылы байқауды жарты миллионға жуық көрермен тамашалағанын айтты.
«Кеше Youtube тікелей эфирде байқауды тамашалаған жарты миллионға жуық көрерменді тіркеді. Бұл байқаудың қаншалықты танымал екенін көрсетеді. Яғни, 14 жыл бойы бұл байқауды текке ұйымдастырып келе жатқан жоқпыз. Статистика ешқашан алдамайды. Мен әрқашан өзіме «Баян, байқауды жаппа, оны әрі қарай ұйымдастыра бер» деп айтамын. Себебі ол жастарға, жалпы қазақстандықтарға керек деп ойлаймын», - деді ол.
Айта кетейік, осы жолы байқау жеңімпазын халық дауыс беру арқылы таңдады. Нәтижесінде Қызылорда облысының тумасы, 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы «Қазақ аруы-2024» атанды. Дауыс берушілердің 30,04%-ы Ақкербезге дауыс берген.