00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Қыс-2024»: Елордада республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық пысықталды

«Қыс-2024»: Елордада республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық пысықталды
Фото: Әмір Теміржан

Бүгін қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық барысы пысықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Мырзагелдиевтің айтуынша, азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындау мақсатында оқу-жаттығу 21-22 қараша күндері өтеді.

«Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындау мақсатында 21-22 қараша аралығында  «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығуды басқарушы республикалық штаб Ақмола облысында орналасатын болады. Елордада қалалық жедел штаб Қабанбай батыр даңғылы, 11/1 мекенжайы бойынша орналастырылады. Тәжірибелік оқу-жаттығу іс-қимылдары 21 қарашада сағат 10.00-де Байқоңыр ауданының аумағында С 316 көшесіндегі «Алай» базарының алдында өтеді», - деді Мадияр Мырзагелдиев.

Оқу-жаттығу жетекшісінің орынбасары Руслан Бешеевтің сөзінше, жиынға 100-ден аса адам қатысады.

«Бұл оқу-жаттығу жыл сайын еліміздің барлық аумағында өткізіледі. Биыл оған шамамен 100-ден аса адам қатысады. Оқу-жаттығу қала шетінде өтетіндіктен, ол күндері тұрғындардың жүріп-тұруына ешқандай кедергі болмайды. Бұл жиын біздің қызметкерлерге ғана арналған», - деді Руслан Бешеев.

Оқу-жаттығуда зардап шеккендерді эвакуациялау, жолды қардан тазалау, жылу трассасындағы авария, электр қосалқы станциясындағы апат, жерасты сымдарының тұйықталуы мен жануы кезіндегі шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар жоғалған азаматтарды іздеу және құтқару жұмыстары мен оларды жылыту және медициналық қызмет көрсету пункттеріне орналастыру және психологиялық көмек көрсету шаралары пысықталады.

Бүгінгі жиында оқу-жаттығуға қатысушылар дайындық жұмысы туралы баяндап, туындаған сұрақтарды бірлесіп талқылады.