Марат Әбсеметов: Сәкен – ұшақ бортына көтерілген алғашқы қазақ
Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, сәкентанушы Марат Әбсеметов көрнекті ақын және жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері туралы осындай тың деректі айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ғалым Сәкен Сейфуллиннің бұдан да басқа зерттелмеген қырлары мен беймәлім сырларын Ұлттық музейде қазақ халқының үш бәйтерегінің туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде баяндаған болатын.
«Сәкен өте қысқа өмір сүрді. Небәрі 44 жыл ішінде халық үшін орасан зор қызмет атқарды. Ол ақын, жазушы, драматург ретінде танымал, бірақ Сәкеннің ірі мемлекет қайраткері болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сәкен Сейфуллин 1922-1924 жылдар аралығында Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасы қызметін атқарды. Міне, осы жылдары Сәкен елімізге қатысты негізгі шешімдерді қабылдай білді. 1922 жылы Жер кодексін қабылдаған. Ол құжат музейде тұр. IV ғасырдағы патшалық кезеңінде Ертіс, Еділ, Жайық, Алакөл өзен-көлдері мен Арал, Каспий теңіздеріне дейінгі жерді қазақтардың пайдаланбауы қажеттігі туралы қаулы шыққан болатын. Ал бұл ең бір шұрайлы жерлер еді. Әр дәулетті көшпенді қазақта 40 мың жылқы болған болса, олар малын осы өзен-көлдер мен теңіздің жағасында суармағанда қайда суарушы еді? Міне, Сәкен осы миллион гектар жерді халық қазынасына, қазақ еліне қайтарды. Сондай-ақ 1922 жылы қазақ кеденін қалпына келтіріп, қайта ашты», - деді М.Әбсеметов.
Оның айтуынша, 1923 жылы Орынборда республикалық жинақтаушы банк болған. Деректер бойынша алғашқы банкнотқа Сәкеннің өзі қол қойған екен. Ал мемлекет қайраткерінің алғаш Қазақстан авиациясын құруы – оның елі үшін атқарған ересен еңбегі екенін, осыған орай Қазақстанның авиациясы күні ретінде 4 сәуірді белгілеуге болатынын айтты. Бұған дәлел, оның 1923 жылы 4 сәуірде авиация туралы қабылдаған құжат Сәкен Сейфуллин музейіне қойылған.
«1923 жылдың 4 сәуірінде Сәкен Қазақстан авиациясын құру туралы алғашқы құжатты қабылдады. Ол жеріміздің ұлан-ғайыр кең екенін, сондықтан негізгі көлік түрі авиация болу қажеттігін, қазақ авиациясының болашағы зор екенін айтты. Ресейден немістің Юнкер-13 жолаушылар ұшағын алдыртты. Сөйтіп, Орынбор, Орал, Ақмола және Семейге рейстер қатынай бастаған. Ұшу-қону жолағынан бастап әуежайдың ашылуына дейін өз қолына алған. Сәкен өзі ұшқыш болмаса да ұшақ бортына көтерілген алғашқы қазақ», - деді ғалым.
Ол Сәкеннің тек қана экономика, ауыл шаруашылығы, антология, агрономияны дамыту жөніндегі 340-тай мақаласы бар екенін атап өтті. Солайша бұл мәліметтің өзі оның деңгейінің қандай екенін көрсететініне көп назарын аударды. Ғалымның айтуынша, ол ауыл шаруашылығын дамыту үшін алғаш несиелерді беріп, оқу орындарына бірінші болып стипендия бөлген. Мысалы, жастарды Мәскеуге, Санкт-Петерборға, Варшаваға, тіпті Токиоға оқуға жіберген.
«Сол тұста Орынборда америкалық кино компаниясы ашаршылық жылдардың салдары туралы фильм түсірген. Фильм түсірушілердің ақшалары таусылып, елдеріне қайта алмай қалыпты. Осы кезде олар Үкіметке, Сәкен Сейфуллинге келіп, «Бізге елге жетуге ақша бере тұрыңыз, кейін қайтарамыз» деп қолқа салады. Сәкен болса «Сіздегі кинокамералар бізде қалсын. Мен сіздерге елдеріңізге жетуге көмектесемін» деп фильм түсіруге қажетті құрал-жабдықтарды алып қалады. Әрі алғашқы болып өзі фильмге түскен еді», - деді ғалым қайраткердің халықтың пайдасына шешілген шешімдерінен мысал келтіре отырып.
Марат Әбсеметов Сәкен Сейфуллиннің ел астанасын Сарыарқаның төсіне көшіруді армандағанын, сонысымен болашақты дөп болжағанын да айтты.
«1924 жылы Мәскеу Орынбордағы татарлар, әзірбайжандар, башқұрттар сияқты түркі халықтары бас біріктіріп қояды деген қауіппен елорданы көшіру туралы шешім қабылдайды. Сол кезде мемлекет және қоғам қайраткерлері қазақтың астанасы болуға лайықты деп Тұрар Рысқұлов Шымкентті, Сұлтанбек Қожанов Ташкентті (өйткені Ташкентте қазақтар көп болатын), Ораз Исаев Ақмешітті, қазіргі Қызылорданы, Сейітқали Меңдешев Ақтөбені, ал Сәкен Сейфуллин Ақмоланы атайды. Дегенмен Ақмешіт астана болатын болып шешіледі. Сондағы Сәкеннің «Әлемде Ақмоланың нанындай аппақ дәмді нан жоқ, әлемде Қажымұқандай мықты алып күш иесі жоқ» деген сөзі бар. Міне, осы жазбалардың бәрі музейде сақталған. Сәкен Ақмоланы астана болса деп армандады және оның арманы орындалды», - деді сәкентанушы.