Мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылады – Бибігүл Аққожина


Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы» Заңы депутаттардың мақұлдауына ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы сенатор Бибігүл Аққожина баяндама жасады.
«Заң ауылдық елді мекендер тұрғындарының Қазақстанның жекелеген қызмет көрсетілмейтін және қызмет жеткіліксіз көрсетілетін аудандарында жоғары сапалы кең жолақты байланыс инфрақұрылымына қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім нормаларына сәйкес жоба екі негізгі бөлімнен тұрады:
Бірінші: тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту
Үй шаруашылықтарын, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды кең жолақты байланысқа қосу үшін сенімді, климаттың өзгеруіне төзімді және төмен көміртекті цифрлық инфрақұрылымды орналастыруды қолдау іріктелген интернет-қызметтерді жеткізушілерге үлестік гранттар беру арқылы жүзеге асырылатын болады.
Екінші: үйлестіру мен техникалық қадағалауды, әлеуметтік-экологиялық стандарттардың сақталуын бақылауды, сондай-ақ азаматтармен кері байланысты ұйымдастыруды қоса алғанда, жобаны тиімді басқаруды қамтамасыз ету.
Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар. Болжам бойынша, осы кезеңде жоғары жылдамдықты интернетке бір мың жүз жиырма үш (1123) ауылдық елді мекен қосылады», - деді Бибігүл Аққожина.
Жобаны іске асыру тең қаржыландыру есебінен қамтамасыз етіледі:
Оның айтуынша, жағдай қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті көрсетіп отыр. Ауылдық елді мекендердің төрттен бір бөлігі заманауи цифрлық байланыс технологияларымен қамтылмаған. Бұл олардың білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерге және экономикалық мүмкіндіктерге қол жетімділігін шектейді.
Келісімді ратификациялау арқылы мына нәрселерге қол жеткізіледі:
- Бір мың жүз жиырма үш ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу есебінен қала мен ауылдық өңірлер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға;
- цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқасында өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға;
- тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сенаттың тұрақты комитеттерінен Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. Заң жұмыс тобы мен комитет отырыстарында жан-жақты талқыланып қаралды.



