Несиені ойланбастан алуды болдырмау үшін 24 сағатқа «салқындату» кезеңі енгізіледі – Сергей Карплюк


Сенаттың жалпы отырысында қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтің тұтынушылары құқығын қорғау мен бюрократиялық кедергілерді төмендетуге бағытталған заң жобасы қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сергей Карплюк «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының Мемлекет басшысының «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін әзірленгенін және қаржы секторындағы рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға бағытталғанын айтты.
Спикер баяндамасында әуелі елімізде шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды жеңілдетуге бағытталған түзетулерге тоқталды.
«Шетелдік инвесторлар үшін шетелдік банкті ашуға рұқсат алуға арналған құжаттар тізбесін қысқарту көзделді. Филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд-тан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендейді», - деді ол бұл жөнінде.
Сондай-ақ ол заңда азаматтардың атына алаяқтардың несие алу қаупін азайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер бар екенін айтты.
«Кредиттерді ойланбастан алуды болдырмау үшін онлайн-тұтынушылық қарыз шартын жасасу мен оны нақты беру арасында 24 сағатқа «салқындату» кезеңі енгізіледі. Осы мерзім өткеннен кейін азамат қарыз алуға келісім беруі тиіс. Азаматтарға арналған кредиттерді олардың келісімінсіз ресімдеуді болдырмас үшін қарыз алуға алғаш рет жүгінген азаматтардың банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына келуі талап етіледі. Осы талаптарды сақтамау кредиттерді соттан тыс есептен шығару үшін негіз болады. Сондай-ақ сот шешімі бойынша алаяқтық несиені есептен шығару негіздері қайта қаралады», - деді ол.
Сонымен қатар спикер жаңа заңнамаға сәйкес, ұялы байланысты пайдаланатын алаяқтыққа қарсы түзетулер енгізілгенін, ал азаматтардың ендігі жерде соттан тыс банкроттық рәсімдеуге қол жеткізуге мүмкіндік алатынын айтты.



