Елімізде балық шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде


Сенат отырысында балық өсіруге арналған жем-шөп өндіру мәселесі көтерілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутат Жанболат Жөргембаев қазіргі уақытта елімізде жем-шөп өндіру жолға қойылмағанын, кәсіпкерлер шетелдік жемге тәуелді болып отырғанын айта келе «Қазіргі уақытта балық шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету қандай жолмен шешілуде?» деп сұрақ қойды.
Бұған ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин егер сапалы балық азығы болмайтын болса, балықтың өсімі мен аулау көлемінде діттеген межеге жете алмайтынымызды, сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі мұны басты міндеттердің бірі ретінде санайтынын айтты.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда балық азығын шығаратын төрт кәсіпорын бар. Олар 64 мың тонна азық шығарып отыр. Бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан біз дүние жүзіне белгілі балық өнімдерін шығаратын фирмалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деп жауап берді вице-министр.