00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Президенттің сұхбаты елге терең ой салатын маңызды үндеу болды

Президенттің сұхбаты елге терең ой салатын маңызды үндеу болды
Фото: Ақорда

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылған мәселелерге орай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген мәтел бар. Бұл сөздің астарында еңбек ету, іздену, табандылық арқылы ғана нәтижеге қол жеткізуге болады деген терең мән жатыр. Жастармен кездескен сайын айтатын негізгі ойым да үнемі осы болды. Бүгін, 2025 жылдың алғашқы күндерінің бірінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты осы ұғымды ашады.

Президенттің мақаласы – еліміздегі еңбек адамының рөлін айрықша атап өткен маңызды үндеу. Биылғы жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны да - өте орынды және уақытында қабылданған шешім. Бүгінде ел экономикасының тірегі – еңбек. Қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі саладағы мамандарға дейінгі әрбір адам еліміздің болашағына өз үлесін қосуда.

Respublica партиясының депутаттары да өз кезегінде еңбек адамын қолдайтын заңнамалар мен бастамаларды көтеріп, қоғамдық өмірдің түрлі мәселелеріне шешім ұсынып келеді. Мемлекет басшысының бұл сұхбаты білімді, білікті, еңбекқор адам, іскер қоғам болуымыз керек деген партияның негізгі ұстанымының көрінісін айқындап берді», - деді Олжас Құспеков.

Ол Президенттің мақаласы көпшіліктің жұмысына тың серпін беретін, елге терең ой салатын маңызды үндеу болғанын жазды.

«Еліміздің болашағы – еңбекқор азаматтарда. Еңбек адамының маңызы бүгінгі таңда артып, елімізде жұмысшы мамандықтарының беделі жоғарылап келеді. Қазіргі жастар үшін ең бастысы – өз ісіне деген адалдық, еңбекқорлық пен табандылық. Бұл қасиеттер арқылы ғана еліміз дамып, өсіп-өркендей алады.

Еңбек адамына деген құрмет пен сенім, әсіресе, жастар арасында еңбекке бейім болу үшін қажетті мәдениет пен тәрбие қалыптастыру - біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі Президент мақаласы – осы бағытта үлкен қадам жасап, елімізде еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бастауы деп білеміз», - деп жазды ол.