Анас Баққожаев: Қаңтар айы – ақ пен қараны ажырататын кезең
Мемлекет басшысы халықтың көптен күткен реформаларын нақты іске асырып, айтқан уәдесін орындап, тынымсыз еңбектенуде. Мінекей, қазір де, ең алдымен, елдің тыныштығын қалаған Мемлекет басшысы әртүрлі алып-қашпа әңгімеге нүкте қойып, ақиқатты халыққа өзі жеткізуді қолға алып отыр. Бүгінгі «Ana tili» газетінде шыққан сұхбаты – соның айқын дәлелі. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Президент сұхбаты туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жеке пікірім - Үкіметтегі кейбір шенеуніктерге жігерлік жетпей жатады. Соның салдарынан жасаған қателігін немесе қолынан келмеген істі әйтеуір ақтап алудың амалына жүгінеді, қолынан келмесе «үнсіз қалуды» жөн көреді. Ал сол үнсіздіктің орнын не толтырады? Әрине - қауесет, әрине - қиял мен соларды ойлап табатын экспертсымақтардың жеке пікірі! Ал әлеуметтік желінің шарықтап тұрған шағында жылт еткен дүниені жылдам жариялауға асыққандар жоқ дейсіз бе? Олар да толып артады. Осылайша отыз тістен қате шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. «Талғар ісіне биліктің қатысы бар-ды», «Парламент мерзімінен бұрын тарайды-мыс», «Президентіміз басқа жұмысқа көзін тігіп жүр екен» деген алып-қашпа әңгіме қайдан пайда болды дейсіз?...
Бүгінгі мақалада Президент көп мәселеге нүкте қойды!
Өз ойым - халық билікке сеніммен қарауы тиіс. Ал билік халық талабын орындауға міндетті деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндетін адал орындауда. Ел арасына іріткі салушыларға еріп кетпеу аса маңызды. Ливан мен Венесуэлла, Грузиядағы болған жағдай - соның айқын дәлелі. Бұл мемлекеттерде басында игі мақсатпен басталған реформалар әртүрлі саяси манипуляцияға түсіп, өз мәресіне жетпей қалғаны естеріңізде болар. Тіпті, Саакашвилидің коррупцияға қарсы жүргізген жап-жақсы жұмысын Михаилдің өзіне қарсы қойып, «оның реформалары тек жоғары элитадағы кейбір адамдардың қалтасына ғана керек» деп бұрмалады емес пе арампиғылдылар? Бұл бір ғана мысал.
Жалпы, мақалаға қарықпын әрі қанықпын! Әркім өз жұмысын абыроймен орындап, адал азамат болуға тырысуы керек. Әрине қателік болады. Қателесетіндер де аз емес. Алайда уақыт өте бұл проблеманы да жұмыла шешерміз. Жарқын болашаққа сенуіміз керек», - деді ол.