Жалғыз адамның ісі емес: Алматы облысында 21 жасар келіншек жұмбақ жағдайда мерт болды


Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі округында 21 жасар келіншек 6 қабаттан құлап, мерт болды. Қайғылы жағдай 9 наурызда «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде болған. Бұл туралы марқұмның жақындары журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ажар Тәуекел қызы осыдан 2 жыл бұрын сыныптасына тұрмысқа шыққан. Марқұмның анасы Гүлжан Жақып қызының өз-өзіне қол салғанына сенбейді.
«Ажар менің тұңғыш қызым. Ол университетте қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша 3 курста оқып жүрген еді. Оқиғадан 1 күн бұрын, яғни 8 наурыз күні қызым баласымен бірге үйге құттақтауға келді. Екінші күні кешке таман жолдасым хабарласып, қызымыз 6-шы қабаттан құлап кетіпті деп айтты. Содан жамандық шақырмай, қол-аяғы сынған шығар деп ойладым. Содан туыстырымыз келіп, оқиға орнына бару керек деді. Барсам қызым далада жерде жатыр, бетін жауып қойыпты. Балконның дәл түбіне түсіпті. Қызым өз-өзің өлімге итермелейтін адам емес. Осыған жеткізге күйеубала Нәдірбек болып тұр»,- дейді Ажардың анасы.
Оқиға күні үйде марқұмның жолдасы мен баласы болған.
«Қайын сіңлім оқиға болған күні полицияның рұқсатымен баланың киімдерін алуға үйге кіргенде ішімдік бөтелкелері, тіпті азу тіс пен қанның іздерін көрген. Ол тіс күйеубаланың тісі деп айтты. Қызым күйеубаланы ұру мүмкін емес. Үйдің ішінде тағы біреу болған деген күдігіміз расталды. Сол күні күйеубаламыздың досы Әкежан деген жігіт қызымен осы үйге келген. Ол жігіт түсініктеме берген кезде төбелескендерін айтып, тісі сынғанын айтқан. Бірақ олар сағат үшке дейін үйден кетіп қалған екен. Ал 15:30 шамасында қызымыз 6 қабаттан құлаған. Менің ойымша оны өлтіріп, 6-шы қабаттан итеріп жіберген»,- дейді Ажардың анасы.
Марқұмның әкесі бұл іске көп адамның қатысы болу мүмкін екенін айтады.
«Бұл жалғыз адамның ісі емес. Сол үйде досы келіп, жанжал болыпты, тіс жатқанын да көрген. Бұл жерде зорлық-зомбылық та болуы мүмкін. Менің жалғыз арманым нақты қылмыскерлер табылса деймін»,- дейді Ажардың әкесі Тәуекел Жекебай.
Аталған іске қатысты Алматы облысы полиция департаменті пікір білдірген.
«Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді»,- делінген полиция хабарламасында.