Қызылордада Qnet пирамидасын ұйымдастырғандар 7 жылға сотталды


Қызылордада Qnet пирамидасын ұйымдастырғандар 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу барысында күдіктілер азаматтарды жалған саяхат карталары мен зергерлік бұйымдарға инвестиция салуға үгіттегені анықталды. 51 адам 63 миллион теңгеден астам қаражат салған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаржы мониторингі агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеу жүргізді. Күдіктілер азаматтарды көп деңгейлі маркетингтік желі мен электронды коммерцияға инвестиция салуға, оның ішінде жалған QVI tripsaver саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға үгіттеген.
«Қатысушылардың салымдары 840 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін ауытқып, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Тергеуден кейін қаржы пирамидасына 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған», - делінген хабарламада.
Сот шешімімен пирамида ұйымдастырушылары кінәлі деп танылып, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот шешімімен 301 миллион теңге құны бар Астана қаласынан 7 пәтер және Toyota Camry автокөлігі тәркіленді.
Айта кетейік, агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін Baiqa, piramida! Telegram-боты іске қосулы.



