Шерзат ісі бойынша сотталған Думан Ысқақ қамаудан босатылды


Шерзат ісі бойынша сотталған Думан Ысқақ бостандыққа шықты. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ Қылмыстық Кодекстің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.
«Думан Ысқақ бірінші сатыдағы соттың үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеп қойғандықтан, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, ол қамаудан босатылды», – деді Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында.
Оның сөзінше, Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот мәжілісі 18 тамыз күні сағат 11:00-де Алматы облысы сотының ғимаратында өтеді.



