Маңғыстауда тұтас бір отбасы мүшелері уланып қайтыс болды

Маңғыстауда тұтас бір отбасы мүшелері уланып қайтыс болды
Фото: Elordainfo.kz

Маңғыстауда тұтас бір отбасы мүшелері түгелдей көз жұмды. Алдын ала дерек бойынша, отбасы газдан уланған болуы мүмкін, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасай отырып. 

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасы мүшелері уланып қалған. Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жеткен кезде үйден жеті адамды тапты, олардың бесеуі - кәмелетке толмаған балалар. Барлығы оқиға орнында қайтыс болған. 

«Маңғыстау облысы ТЖД-нің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған. Қаза тапқандар – Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары екені анықталды. Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады», -делінген хабарламада. 

Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі. Аталған оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында.