«Грантқа оқуға түсіремін»: Астанада тұрғындарды сан соқтырған күдікті анықталды

Бүгін, 10:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views55
«Грантқа оқуға түсіремін»: Астанада тұрғындарды сан соқтырған күдікті анықталды
Фото: freepik.com

Астанада 33 жастағы әйел «оқу тағдырын шешіп беремін» деп сендіріп, бірнеше студент пен олардың ата-анасын сан соқтырған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті өзін жоғары оқу орнында беделді байланыстары бар адам ретінде таныстырған. Ол ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грантқа ауыстырып беремін деп уәде еткен. «Бар болғаны ақшасын берсеңдер болды, қалғанын өзім реттеймін» деп сендірген.

«Ата-аналар балаларын грантқа түсіру үшін соңғы тиынына дейін жинап берген. Бірі қарыз алған, бірі тұрмыстық техникасын сатқан. Алайда грант та жоқ, ақша да жоқ – ал «көмекші ханым» жұмыстан шығып, телефон сөндіріп, ғайып болған. Шығын көлемі 800 мың теңге», - делінген ІІМ хабарламасында.

Жәбірленушілер біраз уақыт күтіп, уәде орындалмаған соң, полицияға шағымданған. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары оның осындай әдіспен алдаған басқа да азаматтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Елордалық полиция азаматтарға мұндай «таныс арқылы тез шешілетін» ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.