Атырауда жүргізуші балалар ауылының тәрбиеленушісін соққыға жықты

Атырауда жүргізуші балалар ауылының тәрбиеленушісін соққыға жықты
Фото: freepik

Әлеуметтік желіде  Атыраудағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында ер адам тәрбиеленушінің бірін аяқ киіммен ұрып жатқаны туралы бейнежазба тарады. Атырау облысы бойынша балалар құқығы жөніндегі омбудсмен, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Айжан Сәрсенбаева оқиғаның мән-жайы туралы түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, оқиға былтыр шілде айында болған. Ер адам балалар ауылында жүргізуші болып қызмет етеді.

«Оқиға орнына барған соң полиция департаментіне қоңырау шалдым. Прокуратура мен білім басқармасынан да өкілдер келіп, мәселе зерделенді. Қазіргі кезде Атырау облыстық білім басқармасы тарапынан құзіретті органдармен бірге комисиия құрылды, әрі қарай сол комиссия жұмыс істейді», - деді А.Сәрсенбаева.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде кейін тағы бір бейнежазба пайда болды. Ол видеода тәрбиеленуші бала ер адам оны ойнап ұрғанын және алдымен өзі ер адамды «Гитлер, фашист» деп әзілдегенін және фашист деген сөздің мағынасын білмегенін айтады.  

Атырау облысы полиция департаменті «Шаңырақ» балалар ауылында болған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Атырау облыстық білім беру басқармасы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде тексеру жүргізген. Тексеру кезінде мекемеге қарасты қызметтік көлік жүргізушісінің 2024 жылдың 24 шілдесінде спорт залында жасөспірім тәрбиеленушіге қол көтергенін анықтады. Жүргізушінің бұл әрекеттері бейнетаспаға жазылып қалған. 

Психолог маманмен сөйлескен кезде жасөспірім жүргізушімен өзара әзілдесеміз деп мәлімдеді. Ал сол кезде оның намысына тиетін сөздер айтқан екен. Ол өзінен жасы үлкен адамға ренжімейтінін, керісінше өзін кінәлі сезінетінін айтқан. 

Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір іс полиция департаментіне беріліп, тергеу жүріп жатыр. 

Еске сала кетсек, 2023 жылы осы мекеме бұдан да басқа бірнеше даулы мәселенің ортасында қалған болатын.