Алматыда сүйіктісін өлтірген ер адам оның денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған

Бүгін, 13:05
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Алматыда сүйіктісін өлтірген ер адам оның денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған
Фото: istockphoto.com

Алматыда ер адам сүйіктісін өлтірген соң асқан озбырлықпен денесін бөлшектеп, қоқысқа тастай салған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

«Криминальный Казахстан» Telegram арнасының мәліметіне қарағанда, 1989 жылы туған әйелдің бөлшектелген мәйіті 11 ақпан күні таңертең қоқыс өңдеу зауытының аумағында қалдықтарды сұрыптау кезінде табылған.

Тергеу ісіне сәйкес, 9 ақпан күні Әлмерек ықшам ауданындағы жалдамалы үйде ішімдік ішкеннен кейін екеуінің арасында жанжал туындаған. Салдарынан 1983 жылы туған ер адам сүйіктісін пышақтап, кейін денесін бөлшектеп, қоқыс жәшігіне лақтырып тастаған.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.

«Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің полиция бөлімі адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам спирттік ішімдік ішкеннен кейін сүйіктісін өлтірген. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр», - делінген қалалық ПД хабарламасында.