Ақтөбеде той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Ақтөбеде үйлену той кортежіне қатысушылар тарапынан жол жүру ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Полиция қызметкерлері жүргізген әлеуметтік желілерді мониторингтеу нәтижесінде үйлену той кортежінде қозғалған бірнеше автокөліктің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Кейбір автокөліктерге заңсыз түрде арнайы жарық құрылғылары – жарқылдақ маяктарға еліктейтін стробоскоптар орнатылғаны белгілі болды.
Патрульдік полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында аталған автокөліктерді анықтап, жүргізушілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартты.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
«Заң талаптарын елемеу жүргізушілердің өз өміріне ғана емес, айналадағы адамдардың да қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеміз», - делінген хабарламада.



