Ақтөбе облысында адам ағзасын заңсыз сату әрекеті анықталды

15 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Ақтөбе облысында адам ағзасын заңсыз сату әрекеті анықталды
фото: Polisia.kz

Ақтөбе облысы прокуратурасы әлеуметтік желіде жарияланған хабарламаларды мониторингтеу барысында Ақтөбе қаласының тұрғынының өз ішкі органдарын сатуға ықтимал заңсыз мәміле жасағаны туралы ақпаратты анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған мәліметтер негізінде Ақтөбе облысы полиция департаменті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

«2025 жылдың 30 сәуірінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адамның ішкі органдарын сату бойынша заңсыз мәміле жасамақ болған күдіктіні ұстап, жалпы сомасы 15 миллион теңгені құрайтын келісімнің алдын алды»,- деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 116-бабының 1-бөлігіне (Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Құзырлы органдар бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.