«30 мың теңге қарызын сұрағаны үшін ұрған»: Атырауда соққыға жығылған ер адам ауыр халде жатыр

Бүгін, 17:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«30 мың теңге қарызын сұрағаны үшін ұрған»: Атырауда соққыға жығылған ер адам ауыр халде жатыр
Фото: Pixabay

Атырауда соққыға жығылған ер адам жансақтау бөлімінде ес-түссіз ауыр халде жатыр. Әйелінің айтуынша, оны танысы 30 мың теңге қарызын сұрағаны үшін бала-шағасының көзінше аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлады Elordainfo.kz «КТК»арнасына сілтеме жасап. 

Атырау облысы ауруханасының алдында шарасыз күйде тұрған Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетов өмір мен өлім арасында жатқанын айтып жылады. Оның айтуынша, мұндай жағдайға душар еткен бұрынғы жұмыстасы, яғни танысы екен. Қарыз алып, бірнеше ай хабарсыз кеткен соң, күйеуі оның үйінің маңынан ұстап алып, ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда танысы оны соққының астына алған көрінеді.

«Аяусыз соқты, балаларының көзінше. Аса қатыгездікпен соқты. Мен сасқанымнан ана жерде видео түсіру түгілі, балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. Әкелеп шырылдап жылағанда, жаман күйге түстім. Үлкен қызымның дірілдегі бар, кіші баламның жүрегі ауырады. Солар ауырып қала ма деп, машинаға отырғызып келгенше, жолдасымды аяусыз ұрып-соғып, сол жерге тастап кетіп тұр», - дейді жәбірленушінің әйелі Анаргүл Муғзарова. 

Соққыға жығылған азаматқа жедел ота жасалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. «Жағдайы ауыр»дейді дәрігерлер. 

«Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне ауыр жағдайда түсті. Өңеш жарақаты, медиастинит деген диагнозбен ауыр жағдайда түскен болатын. Ота жасалды, қазір аппаратпен демалып жатыр. Жағдайы өте ауыр», - дейді Атырау облысы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Дархан Жақсылықов. 

Туыстары 30 мың теңгеге бола, бала-шағасының көзінше ұрып-соққан 40 жастағы күдіктіні полиция қамауға да алмады деп ашынады. Кешірім сұрауға да жарамады деп отыр.

Ал полиция қылмыстық іс тіркелгенін айтқанымен, тергеу мүддесіне сәйкес, толық ақпарат бермейміз деп отыр.

«18 маусымда Атырау қаласында 85 жылғы ер адамды ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. 85 жылғы күдікті ұсталып, қазір күдіктіден жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім шығарылады», - дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Зардап шегушінің әйелі құзырлы органдардан әділдікті талап етеді. «Балаларының көз алдында әкесін ұрып, ессіз күйге түсірген күдікті жазасын алса» дейді.