«Өмірде ашық жарқын адам емеспін»: актер Дәурен Серғазинмен сұхбат


Көпшілік оны «Брат и брак» комедиясындағы Айдар рөлінде таниды. Одан басқа актер «Алдар көсе» фильміндегі Алдар көсе, «Қара шаңырақ» сериалындағы Мәди бейнесімен киносүйердің жадында жатталды. Кино мен театр саласын таразының басындай тең ұстап келе жатқан талантты бұдан басқа әр қилы жанрда, сан түрлі рөлдерде, алуан амплуада көрініп жүр. Ал сол көрерменнің көңіл төрінен орын алған кейіпкерлер қалай сомдалады? Актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерi Дәурен Серғазин Elordainfo.kz тілшісіне кино және театр өнері туралы айтып берді.
- Дәурен Серікбекұлы, әуелі сәл шегініс жасасақ... Сізді осы кино мен театр әлеміне, актерлікке жетелеп әкелген не нәрсе?
- Мен Теміртау қаласында тудым. Бірақ топырағына аунап, суын ішкен, оқып, ер жеткен жерім – Қапал ауылы. Осы қара шаңырақтан аталарым, әкелерім өсіп-өніп шыққан. Сондықтан «қай өңірденсің?» деген кезде «Қапал ауылынанмын» деп айтамын. Қиялыма қанат бітірген туған ауылдың тұмса табиғаты болса керек-ті, арманшыл, қиялшыл бала болатынмын. Біресе ертегілер әлеміне еніп кеткім келеді, біресе жарқын болашағымды елестетіп, қиялдаймын. Кішкентайымнан кинодан кімді көрсем, сол болғым келетіні. Ал жоғары сыныпқа көшкенде «актер болғым келеді» деген арман пайда болды.
- Актер ретінде көпшілікке танытқан қандай рөл деп ойлайсыз?
- Көбінесе ауыл-аймаққа, қазақтілді көреременге кеңінен танылған рөл – Алдар көсе рөлі деп ойлаймын. Жалпы, бәрі көрерменнің қабылдауына қарай ғой. Әркімнің ұнатып көретін киносы бар. Біреу «Ән аға» сериалындағы Шәмшіні айтады, біреу «Қара шаңырақтағы» Мәдиді айтады, енді бірқатары «Алдар көсе» фильміндегі Алдар көсе дейді, бірқатары «Брат или брак» комедиясындағы Айдар дейді. Бір сөзбен айтқанда, әр кейіпкердің өз көрермені бар.
- «Ән аға» сериалындағы Шәмші бейнесін сомдау қиын болған жоқ па? Өмірде болған кейіпкерді сомдау қиын дегенді актерлардан жиі естіп жатамыз.
- Шәмші рөлін режиссердің өзі хабарласып ұсынды. «Сенен Шәмшіні көріп тұрмын, ұқсайсың» деді. Басында сенген жоқпын, өйткені өзімді Шәмшіге ұқсатқан жоқпын. Бірақ түсірілім тақалғанда режиссер «болды, сені басты рөлге бекітіп жатырмыз, бұйырса түсіреміз» деді. Қорқыныш билей бастады, алдымда үлкен жауапкершілік тұр. Өнер иесін қалай сомдарымды білген жоқпын. Ғалшамторда тума таланттың егде жасқа келгендегі сұхбаты бар екен. Ал жас кезінде қандай болды екен? Түсірілім басталғанға дейін осыны ойлаумен болдым. Әйтеуір алдын ала мандолина сатып алып, соны шертіп, дайындалып жүрдім. Бірақ ылғи рөл сомдар алдында бір Аллаға сенесің, өзіңнің тәжірибеңе сенесің, нар тәуекел деп бастап кетесің. Мен Шәмшінің сыртқы келбетін айнытпай ұқсата алмайтынымды білдім, ендеше ішкі жан дүниесін ашуға тырысайын деп, соған екпін жасадым. Әннің тууын, сол кездегі ол кісінің ішкі толқындарын, жан дүниесінің тебіренісін беруге тырыстым. Халық жақсы бағасын берді, мені кейде «Шәмші» деп атап жататын көрермендерім бар. Мұны мен рөлімнің оларға ұнағаны деп қабылдаймын.
-Әр рөлге үлкен зерттеп, зерделеумен келетініңізді айтып қалдыңыз. Бірнеше ай бойы бойы рөлге кіріп, сол рөлмен өмір сүргеннен кейін образдан шыға алмай қалатын кезіңіз болды ма?
- Кез келген рөлге көп күш жұмсалады. Физикалық қана емес, психологиялық күш-қуат та керек. Өйткені ол бір-екі ай сенің ішінде толғап жүреді. «Көрерменнің ойынан шығар ма екен, көпшілік қалай қабылдайды, халыққа берері бола ма?» деген сауалдар тыным бермейді. Бір рөлді шығару үшін көп уақытың кетеді. Оның ішінде сенің ұйқың да бар, ас ішетін уақытың да бар, күш-қуатың да бар, ой-санаң да бар. Кейіпкерің тарихта болған адам болса, ол туралы оқисың, зерттейсің. Жалпы, актердің өмірі зерттеумен, айналаңды танумен өтеді. Көшеде, өмірде қызықты кейіпкерлерді кездестіріп қалсаң, соның бойындағы қылықтарды, сөздерді жадыңа көшіріп алып, ойыңа сақтап алуға тырысасың.
Физикалық тұрғыдан қарағанда, әскери киноларға күш көп жұмсалады. Мәселен, «Казбат», «Беркут» фильмдер физикалық тұрғыдан қиын болды. Өйткені эпизодтағы арнайы жасақтың тапсыратын емтиханы шынайы болу үшін аяғымыздан талып жығылғанша жүгіріп, әртүрлі сынақтардан өттік.
Ал образдан шыға қалмай қалу дегенде менде жоқ. Бұл жағынан өзімді тәрбиелегенмін. Рөлге тез кіріп, тез шыға аламын. Өйткені уақыттың талабы сондай.
- Ал осылай тер төгіп түскен фильмдеріңіздің барлығы бірдей өз бағасын ала ма?
- Киноның бағаланып-бағаланбауына кепілдік жоқ. «Мына рөл мықты болып кетеді не нашар болып қалады» деп ешкім болжай алмайды. Рөлді ойнар кезде өзімді жақсылап сынап та аламын, мақтап та аламын. Одан соң басқаның мақтауы мен сынына дайын жүремін. Жалпы өнерге, әр рөлге 100 пайыз беріліп, 100 пайыз уақытыңды бөлсең, түбінде оның қайтарымы да солай болады. Бүгін қайтпаса да, бір жылдан кейін, он жылдан кейін қайтуы мүмкін.
- Көрерменге не ұнайды деп ойлайсыз?
-Көреремен талғамы өзгерді. Ғаламтордан бүкіл әлемнің киносы мен театрын көріп отырғаннан кейін міндетті түрде көзқарас басқаша қалыптасады. Біздер, актерлар соған сай өзгеріп отыруымыз керек. Өйткені сенің ойнаған спектаклің, киноң, бүгінгі күннің талабына сай болуы керек. Сол кезде ғана бүгінгі көрерменге қызық боласың. Барлық елдің көңілінен шығу мүмкін емес, дегенмен көзі қарақты киносүйер көпшіліктің жүрегіне әсер ете алсаң, онда өнердің жеңгені.
- Қазіргі шығармашылығыңызға тоқталып кетсеңіз... Қандай киноға түсіп жатырсыз, қандай спектакльде ойнап жатырсыз?
- Қазір Астанада «Бақыт құшағында» деген Шәмшінің әндеріне арналған толықметражды мюзикл түсіріліп жатыр. Сол кинода басты рөлдің бірін сомдап жатырмын. Театрда әртүрлі жанрдағы рөлдерім баршылық. Өзімнің спектакльдерімде өзім басты рөлдерде ойнаймын.
- Осы уақытқа дейін өз ойыңыздағы рөлді ойнадым деп ойлайсыз ба? Әлде «шіркін, осындай кейіпкерді сомдасам» деген арманыңыз бар ма?
- Осы уақытқа дейін әр жанрдағы оннан аса фильмге түстім. Актер ешқашан «өз рөлімді таптым» деп айта алмайтын шығар. Рөлдерімнің ішінде халықтың көңілінен шығып жатқандары бар, әлі де өзім түртіп алатындай үлкен дүниені жасаған жоқпын деп ойлаймын. Кинода психологиялық жағынан күрделі рөлдерді сомдағым келеді.
Ал театрда айтарлықтай жетістіктер бар, қомақты рөлдерді сомдадым. Халықаралық театр фестивалінде бірнеше рет «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алдым. Былтыр «Үздік режиссер» номинациясына ие болдым. Өзім қойған спектаклім Гран-Приді де жеңіп алды.
-Актер кез келген рөлді сомдайды, ал Дәурен Серғазин өмірде қандай адам?
- Өмірде қатты ашық жарқын адам емеспін, тұйықтаумын. Көп сөйлемеймін, елмен тез араласып кетпеймін. Театр көп энергияны қажет еткендіктен, актер өмірде күш-қуатын жан-жаққа шаша бермейді, жинақталып жүреді. Мысалы, Гамлет сияқты рөлдер болса, бір ай іштей дайындалып, қуатыңды жинап жүресің. Өйткені мұндай рөлдерді сомдауға үлкен күш керек. Сондықтан күнделікті өмірде тұйықтаумын, ал өз ортамда көңілді жүремін, қалжыңдағанды жақсы көремін.
- Күнделікті өмірде неге ден қоясыз? Жаныңыз сүйіп шұғылданатын хоббилеріңіз бар ма?
- Киноға түсіп, спектакльде ойнағаннан бөлек, режиссер ретінде спектакль қоямын, әндер жазамын, жеке концерттер беремін. Бұдан басқа хоббиім көп болғанмен, уақыт бөле алмаймын. Ал негізі ағаш жонумен айналысамын, кәдесыйлар жасағанды жақсы көремін.
Театр актері болғандықтан, міндетті түрде биге, вокалға қатысамыз, спортзалға барамыз. Өйткені актердің бүкіл ағзасы бір қалыпта болуы керек. Сонда ғана актер жасынан бұрын қартаймай, кез келген рөлде ойнап, жақсы образдарды сомдайды.
- Сұхбатыңызға үлкен рақмет! Өмір мен өнерде өрлей беріңіз!