Kóshpendiler áýeni: Астанада халықаралық этникалық музыка фестивалі өтеді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы елорда қонақтары мен тұрғындарын Kóshpendiler áýeni II халықаралық этникалық музыка фестиваліне шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жобаның мақсаты – біртұтас шығармашылық орта құру, тарихы тереңге жайылған өнер, ежелгі салт-дәстүр арқылы түркі халықтарының бірлігі мен руханиятын ұлықтауға бағытталған түркі мәдениетін дәріптеу.
Фестиваль үздік өнерпаздар тәжірибе алмасып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттайтын алаңға айналмақ. Сонымен қатар жас орындаушылардың көркемдік талғамын тәрбиелеуге және оларды үздік мәдени құндылықтарға баулуға бағытталған.
Концерттік бағдарламада көрермендер фольклорлық дәстүрлермен тығыз байланысты, түркі әлемінің музыкалық мұрасын жаңа қырынан танытатын орындаушылардың өнерін тамашалайды.
Сондай-ақ дала әуендерінің байырғы үлгілері мен халық әндерінің заманауи өңделген нұсқалары, ұлттық аспаптарға арналған туындылар мен орындаушылықтың тың формалары ұсынылады.
Фестивальдің алғашқы күні сахнаға шығатын шетелдік өнерпаздар: Ресей Федерациясынан «Намғар» тобы (Бурятия), Закир Дүйшенбек (Қырғызстан) және Жәнібек Пиязов (Қарақалпақстан). Сонымен қатар қазақстандық өнер ұжымдары мен талантты орындаушылары да өз өнерлерін ортаға салады. Атап айтқанда, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Жошы» ансамблі, Satzhan Project тобы, Еділ Құсайынов, Қазыбек Әдікей, Аманжол Нығмет, Санджай Альмишев және Айхат Қазихан.
Фестивальдің екінші күні сахнаға шығатын шетелдік өнерпаздар: Арсланбек Султанбеков (Түркия), «Зафар» тобы (Әзербайжан), Ресей Федерациясынан Эркин Алексеев (Саха Республикасы) және Азат Бикчурин (Башқұртстан). Сондай-ақ «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Түркістан» камералық ансамблі, Еділ Құсайынов және Салтанат Ерсұлтан.
Өтетін күні: 18-19 қазан сағат 18.00.
Өтетін жері: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МАКҰ (Мәңгілік ел, 10/1)
Айта кетейік, 2023 жылы алғаш рет өткен Kóshpendiler áýeni халықаралық этникалық музыка фестиваліне Якутия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Мажарстан елдерінің өнерпаздары қатысқан болатын.