Елордада «Екі дауыс – бір гармония» концерті өтеді

18 сәуір, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордада «Екі дауыс – бір гармония» концерті өтеді
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

 «Астана Опера» театрының  жас солистері Әйгерім Аманжолова мен Алтынбек Әбілда және театрдың бас концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиева «Екі дауыс – бір гармония» атты  концерттік бағдарламасымен өнер көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 «Астана Опера» солисі баритон Алтынбек Әбілда концертте әлемдік опера жауһарларынан сирек орындалатын ариялар, сондай-ақ қазақ халық әндері мен отандық авторлардың романстары шырқалатынын атап өтті.

«Біз «Астана Операның» бас концертмейстері Долорес Александровна Үмбетәлиевамен бірге ерекше, сонымен қатар айтарлықтай күрделі әрі ауқымды бағдарламаны дайындап жатырмыз. Әлбетте, концерт алдында қобалжу бар, дегенмен бізде дайындық қызу жүріп жатыр, себебі фортепианоның сүйемелдеуімен өтетін концерт мұқият дайындықты талап етеді. Біз жеке ариялар мен романстарды ғана емес, сонымен қатар дуэттерді де шырқаймыз», - деп әңгімеледі әртіс.

Музыкалық кеш 23 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтеді. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бұл кеште мен Руджеро Леонкаваллоның «Паяцы» операсынан әйгілі Прологты ұсынамын. Бұл күрделі шығарма бізде Қазақстанда сирек орындалады. Маған бұл туынды өте ұнайды, оның атмосферасын, мінезі мен бояулардың ерекше кең диапазонын көрермендерге жеткізгім келеді. Ал Айгерім сахнаға Джакомо Пуччинидің «Манон Леско» операсынан Манонның күрделі әрі драмалық ариясымен шығады, себебі бұл музыка оған өте жақын. Сондай-ақ тыңдармандарды өзіміздің отандық композиторларымыздың әндері, романстары мен дуэттері күтеді, оның ішінде Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық», Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала» туындылары бар. Концертті барлығы сүйіп тыңдайтын қазақ халық әндері түйіндейді, бұл әндер кешке айрықша атмосфера үстейді», - деп пікірін қосты Алтынбек Әбілда.

Концерттің басталуы 19.00-де.