Елордада балалардың терезеден құлауының алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілді
Елордада балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлауының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Статистикаға сәйкес, жыл басынан бері қалада балалардың терезеден құлауына байланысты 21 оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, олардың төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Ал былтыр мұндай 58 оқиға тіркеліп, 14 бала көз жұмған.
Осыған байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, Полиция департаментімен және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп, арнайы акциялар өткізуді қолға алды.

Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Аманжол Кадырбековтің айтуынша, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты - балалардың өмірін сақтау және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру болмақ.
«Балалардың терезеден құлауы көбіне ересектердің бір сәт баланы назардан тыс қалдыруынан болады. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырамыз. Қазіргі таңда көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға арнайы терезені қорғаныс құрылғылары орнатылып, профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді», – деді ол.

Бүгінде қала бойынша мыңнан астам терезеге арнайы блокиратор мен терезенің ашылуын шектейтін қорғаныс құралдары орнатылған. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері 150-ден астам рет үйлерді аралап шығып, 6 мыңға жуық тұрғынды ақпараттық-түсіндіру шараласымен қамтыды.
Акцияға қатысушының бірі Әйгерім Рақымжанова мұндай бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Осындай акция арқылы ата-аналарға қауіптің алдын алу жолдары түсіндіріліп, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасады деп ойлаймын», - деді қала тұрғыны.

Сондай-ақ, қаладағы 55-тен астам мектеп пен балабақшада оқушылар, педагогтер және ата-аналармен кездесулер өткізіліп, жазатайым оқиғаның алдын алу мәселесі талқыланды.
Мамандар тұрғындарға балаларын қараусыз қалдырмауға, шыбын-шіркейге қарсы торларды қорғаныс құралы ретінде пайдаланбауға, терезеге арнайы бекіткіштер орнатуға және бала үстіне шығып кетпеуі үшін терезе маңына жиһаз қоймауға шақырады.

Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ересек адамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.
Авторы: Альмира Қасқырбаева