Астанада 16 мыңнан астам түлекке аттестат тапсырылды

Астанада 16 мыңнан астам түлекке аттестат тапсырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының түлектеріне аттестат табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жалпы 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша елорда мектептерінде жалпы 314 964 оқушы білім алды. Оның ішінде мемлекеттік мектептерде – 260 418 оқушы, жекеменшік мектептерде – 47 760 оқушы және республикалық мектептерде – 6 786 оқушы оқыды.

Биыл елорда мектептерін 16 мыңнан астам түлек тәмамдап, қолдарына аттестат алды. Олардың ішінде 1 202 оқушы үздік аттестат иегері атанса, 650 түлекке білімдегі жоғары жетістігі үшін «Алтын белгі» иегері атанды.



Мектеп бітіру кешін ұйымдастыру барысында да жауапкершілік пен үнемшілдікке ерекше назар аударылды. Қала мектептерінде 70% пайыздан астам ата-аналар мен түлектер қауымы мейрамханаларда салтанатты кеш өткізуден бас тартып, қаражатты тиімді пайдалануды жөн көрді.

Айта кетейік, аттестат табыстау рәсімі барлық мектепте мерекелік әрі салтанатты жағдайда өтті. Ұстаздар мен ата-аналар түлектерге ақ жол тілеп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасатынына сенім білдірді.