Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесі Кувейттің қызығушылығын тудырды
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Ақпараттық технологиялар жөніндегі орталық агенттігінің (CAIT) Бас директорының міндетін атқарушы Наджат Хусейн Ибрахиммен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Елшісі кувейттік тарапты елімізде жүзеге асырылған цифрлық даму реформаларымен таныстырып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің заманауи цифрлық экожүйесін қалыптастырудағы қол жеткізілген нәтижелер туралы айтты.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN E-Government Development Index) 193 мемлекет ішінде 24-орында тұрғаны және онлайн мемлекеттік қызметтердің даму деңгейі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіретіні аталып өтті.
Елші сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осыған орай елімізде жасанды интеллектті дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге, IT-маманды даярлауға және мемлекеттік басқару мен экономикаға заманауи технологияны енгізуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Өз кезегінде кувейттік тарап мемлекеттік басқаруды цифрландыру және электрондық қызметтерді енгізу саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдіріп, еліміздің осы бағыттағы жетістігіне жоғары баға берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылау мақсатында жақын арада екі елдің бейінді ведомстволары арасында онлайн-кездесу ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу және практикалық өзара іс-қимылды дамыту мақсатында өзара сапарларды пысықтауға келісті.
Еске сала кетсек, елімізде жаңа цифрлық қабылдау жүйесі арқылы бірінші сыныпқа 100 мыңнан астам өтініш берілді.