Қазақстан Оңтүстік Корея туроператорларына гольф туризмінің әлеуетін таныстырды
Корея Республикасының жетекші 9 туристік компания өкілі гольф туризмінің әлеуетімен танысу үшін Қазақстанға келді. Сапар барысында делегация Астана мен Бурабай курорттық аймағының мүмкіндіктерін бағалап, өңірдегі үздік гольф-клубтар мен негізгі инфрақұрылым нысандарын аралады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.
Бұл шара Қазақстанды Корея нарығында ілгерілету мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Air Astana әуекомпаниясының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Жалпы, оңтүстіккореялық саяхатшылардың отандық туризмге деген қызығушылығы тұрақты түрде артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы еліміздегі қонақүйлер мен шипажайлар Кореядан 26861 қонақ қабылдаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,2%-ға өсіп, 29858 адамға жеткен.
Туристер ағынының артуына екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасы басты серпін беріп отыр. Мәселен, Air Astana Астана мен Сеул арасында аптасына төрт рет рейс орындайды, бұл жол жүруді барынша ыңғайлы етіп, еліміздің кореялық саяхатшылар үшін тартымдылығын арттыра түспек.
Еске салайық, бұған дейін Джеки Чанның фильмі Маңғыстаудағы Бозжырада түсіріліп жатқаны туралы жаздық.