Астана полициясы тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды

Бүгін, 16:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана полициясы тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу деректері жиілеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Осыған байланысты елордалық полиция тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға шақырды.

Полицияның мәліметінше, соңғы уақытта туған күндер, отбасылық мерекелер және басқа да маңызды оқиғаларға байланысты шулы әрі ауқымды той-думандардың саны артқан. Мұндай іс-шаралар көбіне қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болып, тұрғындардың тыныштығына кедергі келтіреді.

Әсіресе түнгі уақытта тұрғын үй алаптары мен қоғамдық орындарда отшашу ату, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, көлік дабылдарын қосу және өзге де шу шығаратын құралдарды қолдану азаматтардың наразылығын тудыруда. Бұдан бөлек, мұндай әрекеттер қауіпсіздікке де қатер төндіруі мүмкін. Сондай-ақ мерекелік шаралардан кейін қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштық режимін бұзу, аулалар мен көшелерді, қоғамдық кеңістіктерді пиротехника қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстармен ластау фактілері жиі кездеседі.

Осыған байланысты полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды мерекелерді мәдениетті әрі жауапкершілікпен атап өтуге, айналасындағылардың тыныштығын құрметтеуге, қала тазалығын сақтауға және өзге тұрғындарға қолайсыздық тудыратын әрекеттерден бас тартуға шақырды.

Еске салсақ, елорда тұрғындарына жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді.