Jüregımnıñ Jeñımpazy жүгіру-фестивалі қатысушыларын алғашқы жаттығуға шақырады
Сенбіде елордада жыл сайынғы Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру-фестивалі алғашқы жаттығуына шақырады. Іс-шара сағат 08:00-де Астана қаласындағы Ботаникалық бақ аумағында («Сый» ескерткішінің жанында) өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Heart Center Foundation» қоғамдық қорына сілтеме жасап.
Барлық жаттығу сенбі күні тегін өткізіледі және дайындық деңгейіне қарамастан барлық ниет білдірушілер үшін ашық болмақ. Барлығы 8 жаттығу жоспарланған: 20 және 27 маусымда, 4, 11, 18 және 25 шілдеде, сондай-ақ 1 және 8 тамызда өтеді.
Жаттығулар кәсіби жаттықтырушылар мен танымал қазақстандық спортшылардың жетекшілігімен өтеді. Олар қатысушыларға таңдаған қашықтыққа дайындалуға көмектесіп, жүгіру бойынша ұсынысымен бөліседі және бірлескен дене қыздыру жаттығуын өткізеді. Қорытынды сабақта қатысушылар жүгіру бағытымен танысып, оны еңсеруге қатысты кеңес алады.
Жаттығуға ағза мүшелерін трансплантациялау операциясынан өткен реципиенттер де қатысады. Олардың көпшілігі жыл сайын Jüregımnıñ Jeñımpazy жарысына қатысып, 10 шақырымдық қашықты сәтті бағындырып келеді. Олар трансплантацияның толыққанды әрі белсенді өмірге оралуға және жаңа мақсат қоюға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Дайындық жаттығуына қайырымдылық жүгіру-фестивалінің серіктестері – медициналық орталықтар, спорт клубтары, жергілікті дүкендер мен кофеханалар қолдау көрсетеді. Олар қатысушылар үшін арнайы сыйлық пен жүлделер дайындаған.
Jüregımnıñ Jeñımpazy – трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға бағытталған Ққрдың негізгі жобаларының бірі. Бүгінде Қазақстанда Трансплантацияға мұқтаж жандардың күту парағында 4 604 адам тұр, олардың ішінде 120 бала бар.
Жоба өткізілген жылдар ішінде Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіруден Астанадағы ірі әлеуметтік іс-шараның біріне айналды. Ол трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдау идеясы төңірегінде мыңдаған адамды біріктіреді. Жобаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Егер 2024 жылы бастамаға 4 200-ден астам адам қосылса, 2025 жылы қатысушылар саны шамамен 5 000 адамға жетті. Ал 2026 жылы шамамен 7 000 адам қатысады деп көзделіп отыр. Фестиваль бағдарламасы донорлық пен трансплантация туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған жаңа білім беру, ағартушылық және отбасылық іс-шаралармен толықтырылады.
Фестиваль 9 тамызда сағат 06:00-ден 16:00-ге дейін өткізіледі.
Фестиваль қатысушылары 1 км, 3 км және 10 км қашықтықты еңсее алады.
Жүгіруге тіркелу мына сілтемеде жүргізіледі.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе артып, 6 адамнан 18 адамға жетті. Соның нәтижесінде қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантациял саны 23-тен 68-ге дейін өсті, ал жүрек трансплантациясы операциясының саны 5-тен 15-ке дейін артты. Соған қарамастан, донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жүйенің мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары. 2025 жылы 342 адам трансплантация кезегіне үлгермеді.
«Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантологияны дамыту және ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық хабардарлықты арттыру бағытында оң өзгерістер байқалуда. Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлар санының өсуін, трансплантациялар санының артуын және қоғамның бұл тақырыпты талқылауға белсендірек араласа бастағанын көріп отырмыз. Алайда донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бүгінде мыңдаған пациент өмірлік маңызы бар трансплантацияны күтуде. Сондықтан Jüregımnıñ Jeñımpazy сияқты қайырымдылық жүгіру-фестивалі секілді бастамалардың маңызы ерекше», – деп атап өтті Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров.