Елордада мүгедектерге әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі түсіндірілді

Елордада мүгедектерге әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі түсіндірілді
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде «Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және Қолжетімділік картасын дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы айтып берді. 

Спикердің айтуынша, бұл қолжетімділікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі. Негізгі міндет - әрбір адамның денсаулық жағдайына немесе физикалық мүмкіндігіне қарамастан мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді кедергісіз алуына, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт ұйымдарына және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерге еркін баруына жағдай жасау.

Ақпараттық портал – ашықтықты арттыру құралы

Азаматтарды ақпараттандыру жүйесін жетілдіру және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталын әзірленген.

Порталдың негізгі міндеті - мүгедектігі бар адамға нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат беру. Пайдаланушыларға өздерінің жеке қажеттілігі мен физикалық ерекшелігін ескере отырып, белгілі бір нысанға бармас бұрын алдын ала танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар портал азаматтар, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының меншік иелері арасындағы өзара тиімді байланыс орнатады.

Нысандардың қолжетімділігі қалай бағаланады

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталындағы нысандардың қолжетімділігін бағалауды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.

Тексеру барысында алты негізгі критерий ескеріледі:кіреберіс тобы,нысан ішіндегі қозғалыс жолдары,қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер,ақпараттық және телекоммуникациялық құралдаробъект аумағы.Осы критерийлерге сәйкес әрбір нысанға келесі төрт мәртебенің бірі беріледі: «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімсіз», «мәлімет жоқ».Бұл тәсіл мүгедектігі бар адамдар үшін нысанның бейімделу деңгейін объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында портал «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесімен интеграциясы жүзеге асырылған, бұл мекенжай деректеріне қатысты қателіктердің алдын алады.

Пайдаланушыларға арналған мүмкіндіктер

Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар Қазақстанда бейімделген объектілер туралы ақпаратты қарай алады. Барлық тіркелуші әрбір нысанның бейімделу сапасын бағалауға және фотосуретпен пікір қалдыруға бірегей мүмкіндікке ие.

Порталда деректерді жаңарту процесі автоматтандырылған.Онда ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады, бұл әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Қолжетімділік картасындағы санаторийлер

Интерактивті Қолжетімділік картасында «Санаторийлер» атты арнайы бөлім жұмыс істейді. Онда 168 санаторий-курорттық ұйым туралы мәлімет орналастырылған.

Пайдаланушы санаторийлердіөңір бойынша, мекенжай бойынша,атауы бойынша іздей алады. Сондай-ақ, көру, есту немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, арбаны пайдаланатын адамдарға  санаторийлердің қолжетімділігін қарау мүмкіндігі қарастырылған.

Әрбір нысанның карточкасында қолжетімділік деңгейі, орын саны және шипажай-курорттық қызмет алушылар туралы ақпарат көрсетіледі.

Бақылаудың жаңа тетігі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің қабылдануына байланыстыаумақтық департаменттер жаңадан салынған нысандардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісетін болады.Бұл нысандарды пайдалануға беру кезеңінде бақылауды күшейтіп, кедергілердің пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Келісілген нысандар туралы мәліметтер Қолжетімділік картасына енгізіледі.

Бейімдеу жоспарын іске асыру

Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген барлық нысандарды кезең-кезеңімен бейімдеу көзделген.

Бүгінгі таңда картаға 42 897 нысан енгізілген. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша олардың 30 314 бейімделген, бұл жалпы санының 71 пайызын құрайды.2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Нысандарды бейімдеу сапасына ерекше назар аударылған. Қолжетімді орта мүгедектігі бар адамдардың өздігінен және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Оның ішінде пандустардың, лифтілердің, арнайы автотұрақ орындарының, санитарлық бөлмелердің,тактильді көрсеткіштердің және кедергісіз ортаның болуы міндетті түрде ескеріледі.