Мемлекет басшысы «Астана медицина университетіне» Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды

Мемлекет басшысы «Астана медицина университетіне» Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды
Фото: Астана медицина университеті

Бүгін Ақордада өткен медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді.
 
Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын. Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор.
 
Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын.
 
Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік», - деді Президент.