00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Астана Опера» Мәскеудегі халықаралық фестивальде өнер көрсетеді

30 қазан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» Мәскеудегі халықаралық фестивальде өнер көрсетеді
Фото: «Астана Опера» театрынан

Қазақстандық театр «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалі аясында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынады, деп хабарлады Elorda.info.

 

Классика ретінде танылған музыкалық спектакль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен орындалады. Көпшілік Айзада Қапонованы Джулияның бейнесінде, Әлихан Зейнолланы Дорвильдің рөлінде көреді. Тапқыр Джерманоны Азамат Жылтыркөзов орындайды, ал Евгений Чайников Бланзактың партиясында сахнаға шығады. Татьяна Вицинская Лючилланың, Рамзат Балакишиев Дормонттың бейнелерін сомдайды. 

Операдағы іс-әрекет көрерменді XVIII ғасырға жетелейді. Джулия өзінің ғашығы Дорвильге жасырын түрде тұрмысқа шығады, ал Дорвиль өз жұбайының бөлмесіне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы саналатын кәрі Дормонт бұл неке туралы білмей, қызды Дорвильдің досы, әйелдердің аузынан түспейтін Бланзакқа күйеуге бермекші болады. 

Әртістердің сахналық шеберлігі мен қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің қызықты шешімдері қайталанбас жұмбақ атмосфера мен сахнадағы театрлық жалынды жеткізеді. Италиялық суретші Манана Гунианың Дель арте комедиясына сүйеніп жасаған керемет сценографиясы мен костюмдері опера кейіпкерлерінің киімдерінде арлекина, капитан Фракасса, дәрігер Чума секілді танымал италиялық кейіпкерлерді тануға мүмкіндік береді. 

Труппа бұл күнде жауапты байқауда жоғары өнер көрсетуге қызу дайындық үстінде. Бұл спектакльмен Санкт-Петерборда да, Минскіде де, Қазақстанның көптеген қалаларында да өнер көрсетіп, осы қойылымға әбден төселіп алсақ та, гастроль алдында қобалжу бар. Білуімізше, бұл фестивальде 40-қа жуық түрлі музыкалық ұжым, оның ішінде Қырғызстаннан, Өзбекстаннан әріптестеріміз өнер көрсетеді. Осы ретте біз, әлбетте, өзімізің кәсіби шеберлігімізді көрсетіп, еліміздің өнерін абыроймен таныстырғымыз келеді. Өнер көрсетуге дәл осы спектакльді таңдап алғанымыз кездейсоқтық емес, ол көңілді, қабылдауға жеңіл әрі Дж.Россинидің жалынды, жан сергітерлік музыкасымен баурап алады. Италиялық классиктің ертеде жазған осы операсы оның атағының әлемге жайылуына негіз болды, - деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов. 

Гастроль Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.