00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ерлік пен еңбек дастаны» атты жас қаламгерлер байқауы басталды

«Ерлік пен еңбек дастаны» атты жас қаламгерлер байқауы басталды
Фото: freepik

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Құрметті достар!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен жас қаламгерлерге арналған жаңа байқау басталғанын қуана хабарлаймын. «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы дарынды авторларға қолдау білдіріп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашуды мақсат етеді.

Бұл байқау кәсіби шеберлігімен қажырлы қызмет етіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұғалімдер, дәрігерлер, кеншілер, фермерлер, құрылысшылар, журналистер, музыканттар, кітапханашылар және тағы басқалардың еселі еңбектерін көпке насихат етеді.

Байқаудың негізгі міндеті – бұл мамандықтардың ерекшелігін көрсету ғана емес, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, басынан кешкендерін, армандары мен күнде кездесетін қиындықтарын тағылымы мол туындыға айналдыру. Сол арқылы жас қаламгерлерге халықтың ыстық ықыласына бөленген, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бірегей образдар жасауға мүмкіндік беру.

Жеңімпаз келесі жылы, яғни 2025 жылы Республика күнінде анықталады. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі ең үздік кітаптың жарық көруін және бүкіл ел бойынша таралуын қамтамасыз етеді.

Өтінімдерді қабылдау бүгіннен басталды. Аталған байқауға қатысу мүмкіндігінен қапы қалмаңыз және елімізде еңбек пен кәсібилікті насихаттауға бірге атсалысыңыз», - деді Аида Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрі, сондай-ақ, барша қатысушыларға шалқар шабыт пен сәттілік тіледі.

«Шығармаларыңыз еңбек адамына деген құрметке, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы болсын!» - деді ол.