Түркістан облысында мемлекеттік субсидияны жымқырған қылмыстық топтың ісін тергеу аяқталды

Түркістан облысында мемлекеттік субсидияны жымқырған қылмыстық топтың ісін тергеу аяқталды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Түркістан облысында мемлекеттік субсидияларды жымқырды деп күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында, заңсыз схеманы іске асыру үшін үшінші тұлғаның атына ресми түрде тіркелген 4 жеке кәсіпкерлік, «Нұр-Келес» ЖШС және «Бимен С.» ЖШС пайдаланғаны анықталды.

«Аталмыш кәсіпкерлік нысандарын күдіктілер өздеріне берілген электронды цифрлық қолтаңба, мөр және банк шотын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттар арқылы іс жүзінде бақылауда ұстаған. Сол нысандар арқылы ақпарат жүйелеріне мал сатып алу мен олардың қолда бар екендігі, сондай-ақ оларды асылдандыру жұмысының жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Кейін осы мәлімет негізінде субсидия алуға электронды өтінім берілген. Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсатқа жұмсалған», делінген хабарламада.

Осылайша мемлекетке жалпы көлемі 103 млн теңге шығын келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Еске сала кетсек, Түркістан облысының шаруалары сатылып кеткен мал үшін 271 млн теңге субсидияны заңсыз алған.