Түркістан облысының шаруалары сатылып кеткен мал үшін 271 млн теңге субсидияны заңсыз алған
Түркістан облысында 271 млн теңге ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқырған бір топ тұлғаға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Түркістан облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын анықтап, жолын кесті.
«2020-2023 жылдар аралығында жосықсыз кәсіпкерлер ветеринарлық бақылау жұмысындағы олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алып отырғаны анықталды. Жекелеген шаруа қожалықтары іс жүзінде үшінші тұлғаларға сатылып кеткен мал туралы «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді өз мақсаттарына пайдаланған. Атап айтқанда, тек «Б» шаруа қожалығы бұрын сатылған 440 бас ірі қара мал және 5 088 бас ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз пайдаланып, оларға субсидия рәсімдеген. Анықталған деректер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 271 млн теңгені құрады, бұл аса ірі мөлшер болып саналады», - деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.
Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізді.
«2025 жылдың 1 қазанында бес айыпталушыға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Кінәлілерге 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бюджетке 140 млн теңге өндірілді. Тексеру көрсеткендей, қаржыны жымқыру ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан мүмкін болған», - деп мәлімдеді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар облыстық прокуратура 300 млн теңгеден астам сомаға қатысты ұқсас жымқыру деректерін тергеп жатыр, іс жақын арада сотқа жолданады.
Бұған дейін 2025 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысының нәтижесінде бюджетке 16,1 млрд теңге қайтарылғанын жаздық.