00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Амантай қажының «Аттаны» мәлім, азаматтығы ше?

22 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Амантай қажының «Аттаны» мәлім, азаматтығы ше?
Фото: Elordainfo.kz

Амантай қажы Асылбекті отыз жылдан астам уақыт танимыз. Біз зейнеткер болып кеткелі де ара-тұра байланысады. Ал телевизияда қызметте жүргенімізде айына бірер рет телефон соғатын. Әлбетте өзін түсір демейтін, «өткелі жатқан кейбір шаралар назарымызда болса» дейтін. Оның біразына журналист пен оператор жібертіп, түсірттік те. Тіпті, өзіміз төбе көрсеткен маңызды оқиғалар болып қалатын.

Амантай қажы – белгілі әулеттің өкілі. Әкесі Хантемір Шардара өңірінде колхоз, ауылдық кеңес басқарған. Ұлы Отан соғысына кетіп, содан оралмаған. Шардара қаласының бір көшесіне аты берілген. Әкесінің інісі Асан аудандық партия комитетінде жауапты қызмет етіп, МТС басқарған. Ол да Екінші жаһандық соғыстың жауынгері болған. 

Амантай Хантемірұлының бір ағасы – медицинаның белгілі маманы. Москва оны Африканың сол кезде ниеттес саналған еліне жіберген, сонда ұзақ жыл мемлекет басшысының жеке дәрігері болған. Тағы бір ағасы – үлкен ғалым Мәлік-айдар Асылбеков. Бүкіл республиканың тарихшылары ол кісіні өздеріне аға, ұстаз санаған.

Амантай қажының «Аттаны» ғана елдің есінде жүрсе, біз бірнеше рет сөзі мен ісінен ғибрат алдық. Бірде «Хабар» телеарнасындағы бағдарламада сол тұстағы мұсылмандық дінбасы Рәтбек қажы Нысанбайұлын әжуалаған көріністер кетті. Оған тікелей қатысымыз жоқ еді, сонда да Амантай қажы бізге телефон шалды. «Қайнар, республиканың бас мүфтиі маған да ұнамайды. Бірақ анау жігіттерге айтсаңшы. Олар бас мүфтиді әжуалау арқылы бүкіл ислам діні мазақтап жатқандарын түсінсін», - дегені бар. 

Осы сөзі ешқашан ұмытылар ма?! Жеке бастағы өкпе мен реніштен гөрі қауымның, діннің бірлігін жоғары қойғанның жарқын мысалы емес пе! 

Амантай қажыдан алатын үлгі бір бұл ма? Енді екіншісін, анығында маңыздысын айталық. 1986 жылы Қазақстанды алай да дүлей еткен Желтоқсан көтерілісін қанға бояп басқан соң Кеңес Одағының басшылығы жаппай жазалау шараларына кірісті. 

Қазақты «ұлтшыл» деп, бұл сезімді мүлде тұншықтыру үшін республиканы ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаев пен оның айналасындағытұлғаларды тұқыртуға кірісті. Қонаевты қанша тексерсе де пара немесе заңсыз алында делінетін бір тиынның мүлкі мен қаржысы шықпады. Оны айыптау мен соттау мүмкін болмаған соң серіктерінің айыбын табу «құқық қорғау» аталатын органдарға қатты тапсырылды. 

Ақыры сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері Асанбай Асқаровтың үйіне келіп, «киініңіз де, бізбен бірге жүріңіз» деп алып кетеді. Асқаров – ұзақ жыл Қонаевтың сенімінде болған, Шымкент және Алматы облыстарын басқарған, ел ішінде зор беделге ие партия қызметкері. Тергеуге кеткен Асқаров қайта үйіне оралмады. Сол күні абақтыға қамалды, ақыры сотталды. 

Республикалық қазақ және орыс тіліндегі басты газеттерге оны айыптаған көлемді мақалалар шықты. Қазақ тілінде мақала жазған Нұри Мүфтах кейін айтаққа ергенін ұғынды. Асқаровтың жазықсыз сотталғаны туралы бұрынғысынан зор көлемде мақала жазып, өзінің ары алдында лайықты ақтала білді.

Сонымен Асқаров заңсыз сотталды. Бұрын араласқандардың ешбірі оның үйіне ат ізін салуды қойды. Асанбайдың зайыбы Фатима Ғалиқызы сол кезде үйіне қорықпай келіп, өзін жұбатқан және көмектескен екі азаматтың атын айтқан. Оның бірі – сатирик жазушы, қазақ тілінің жанашыры Шона Смаханұлы болса, екіншісі – кейін «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі болған, ядролық қаруға қарсы жеке өзі «Аттан» деп жорық ашқан Амантай қажы. 

Кеңес Одағы кезінде Амантай Асылбек Алматы ауыр машина жасау және автомобиль жөндеу зауыттарында маман болып қызмет еткен. Белсенділік танытып зауыттағы жастар ұйымын басқарған. Халықаралық жағдайлар жайында жас жұмысшылар алдында лекция оқитын. 

Бір күні зауытқа келген облыс басшысы Асанбай Асқаров оның іскерлігін, сөзі мен ісі дұрыс екенін көреді. Кешікпей Амантай сатылап облыстық партия комитетінің қызметкеріне дейін өседі. 

Осы тұста 1986 жылдың желтоқсаны жетеді. Келер жылы Асқаров айыпталып, ұзақ жылға сотталады. Оның орнына Алматы облысын басқаруға келген Меңдібаев дегеннің қаһары республикада Қонаевты ауыстырған  Колбиннен кем түспейді. Талайлар қызметін сақтап қалу үшін алаңға шыққан жастарды айыптайды. Талайлар шындықты білсе де үнсіз отырады. Өздеріне көп жыл басшы болған, сан рет жақсылығын көрген Асқаров туралы ешбірі жақсы сөз айтуға жарамайды. 

Асанбайдың бұрынғы қызметкерлерінің арасында Амантай ғана «жұмысымнан шығарып тастайды, Колбиннің Меңдібаев сынды құйыршықтары өзімнің де соңыма шам алып түседі» деп қорықпай, түрмеде жатқан Асанбай Асқаровтың  үйіне барып, Фатима апайдың жағдайын біліп тұрған. Осы мысал оның азаматтық болмысын анық байқатпай ма!

Қайнар Олжай