00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада жазушы Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

21 қараша, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада жазушы Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі және Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» атты шығармаларының Қазақстандағы таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Келелі кездесу

Іс-шараны Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу мырза мен жұбайы Аху Капуджу ханым өз резиденциясында өткізді. Оған жазушы Шәрбану Бейсенова, шетелдік дипломаттар, қаламгерлер, қазақ және түрік ғалымдары мен әдебиетсүйер қауым қатысты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, әдебиетші Жанат Әскербекқызы кештің модераторы болды.

Әдеби-танымдық кеште Түркия Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Роза Мұқанова, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы, доцент Фунда Гүвен, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, PhD Хайрунниса Топчу баяндама жасап, жазушы Шәрбану Бейсенованың шығармаларындағы әйел кейіпкерлер туралы, заманның аласапыран сәттері, тарихи оқиғалар сөз болған кездерді кейіпкерлердің өмірімен байланыстыра отырып талдады.

Бозоқ бегім туралы махаббат баяны

2018 жылы жарыққа шыққан «Бозоқ аруы» кітабында қаламгер Астананың іргесіндегі ежелгі Бо­зоқ қаласына жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл­ бітіре отырып, елдік мәселенің иірі­міне қатысты танымдық, та­ғылымды ойларды қозғайды. Бү­гінгі елорда тарихы кеше ғана емес, ір­гетасы ежелгі дәуірлерде қаланғанын, ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеген Бозоқ қа­ласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдарымен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсінде елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды. Шырақбектің прототипі – Кемел Ақышев болса, Інжу 800 інжу-маржанмен көм­керілген қыпшақ аруы еді.

Жазушының «Ұлы дала арулары» жобасы аясында бұған дейін «Сүйінбике» кітабы жарық көрген болатын. «Бозоқ аруы» – аталған топтамадағы екінші кітап. Жазушы елорданың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару туралы деректі көркем шығармаға негіз етіп алған. Айта кетейік, қазба жұмыстары кезінде арудың бас сүйегі жанынан табылған 800 інжу моншақ пен кездік қазір Еуразия университетіндегі Кемел Ақышевтің мұражайында сақталған.

«Бозоқ қаласының орын тебуінде осы қыздың мықты рөлі болған. Содан оның барлығы жай сәйкестік емес. Қыз опат болған соң, әкесі сол жерде қоныстан кетпеген. Сүйген жігіті шырақшы болып, сол жерде қалып, сол жерде кент тұрғызған. Содан барып қала пайда болған. Оны тарихшылар да жоққа шығармайды. Біз осыны көркем тілде қыздың өмірбаянын баяндау арқылы айтқымыз келді», - дейді жазушы Шәрбану Бейсенова.

Биыл көрнекті археолог, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтің 100 жылдығы аталып өтуде. Оның ғылыми еңбектері мен жаңалықтары көп. Кемел Ақышев – темір дәуірінен қалған сақ жауынгері «Алтын адамды» тауып, ежелгі Отырар мен Ұлы Жібек жолының орта ғасырлық қалаларын зерттеп, Қазақстан тарихын теңдессіз жәдігермен байытқан ғалым. Ол біздің мәдениетімізге баға жетпес үлес қосты. Ең соңғы ғылыми ашылымы – астанамыздың аумағындағы Бозоқ қалашығы. Ол көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. 

Сүзге ханым туралы сенімді әфсана

«Сүзге ханымның соңғы күндері» шығармасында автор Көшім ханның орыс отаршылдарынан жеңіліске ұшырауы салдарынан әйелдерінің бірі Сүзгенің және қазақ қауымының басынан өткерген қасіретін тілге тиек етеді. Автор әңгімесін халық ауыз әдебиеті туындысы «Сүзге ханым» дастанының астарын баяндаудан бастайды. Осылайша, автор романды тарихи оқиғаға негіздей отырып, оқырманның шығарма шынайылығына деген сеніміне ие болады. Сондай-ақ қазақ тарихын бай дерек көзі ретінде көруге мүмкіндік береді. Қазақ хандарының бірінің қызы екені баяндалған Сүзге ханым «туған-туыс, отбасынан» күш алады. Бұл жерде жазушы ойының Бабырнамедегі Бабырдың анасының (Юнус ханның қызы Құтлұқ Нигар ханым) рөлі мен құдіретімен тұспа-тұс келетінін аңғартады. Автордың тарихтан алған білімі берік. Осылайша, жазушы тарихи тұлғаларды тоғыстырып, сол контексте әйел затының ерекше маңыздылығын атап көрсетеді», - дейді Назарбаев университеті қазақ тілі және түркология бөлімінің оқытушысы, доцент Фунда Гүвен.

«Ар-намысы мен бостандығын ардақтайтын абыройлы әйел ретінде Сүзге ханым өзінің ұстанымымен, тектілігімен жанайқайын алдымен әйелдерімізге, сондай-ақ барша жаңа ұрпаққа арнайды. Кітап кейіпкері Сүзге ханым өзінің күрескерлігімен, кішіпейілділігімен, халқына деген ауыр жауапкершілікті сезінуімен, күйеуіне және өз ұлтының құндылықтарына деген адалдығымен адамдарды теңіз толқынындай жаулап алып, оларды өз әлеміне жетектейді. Хикаяттан қазақ тарихының үзіндісін де көре аламыз. Грозаның басқыншылығына тойтарыс берген Сүзгенің күйеуі Көшім ханның өмірінің соңына дейін арпалыспен өткен азапты қүресі, Сүзгенің қоршауда қалған шағын қамалында көрсеткен қарсылығы екеуі бірлесіп жан-дүниемізде үлкен дауыл тудырады, - деді Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан түрік тіліне аударылған жазушының кітаптарын оқыған баяндамасында.

Әріптесінің шығармашылығына баға берген Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Роза Мұқанованың сөздері келушілерге ерекше әсер етті.

«Сонау сақ заманындағы мемлекет тізгінін ұстаған Тұмар патшайым, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі ел басқарған арулар, беріде – Алаша ханның ханымы – Ханбибі, Абылай ханның қызы – Айтолқын, Қабанбай батырдың жары – Гауһар, Кенесары ханның қарындасы – Бопай болып көш басын түгендеп шығуға да, жалғастыра беруге де болар. Бірақ осы айтулы тұлғалардың бәрінің көркем бейнесі түгел жасалып, жазылып біте қоймағаны да анық. Шәрбану Бейсенованың әйгілі Сапагерей ханның ханымы – Сүйінбикені зерттеуі, табаны тозып Қырымға дейін барып, тарихи деректерді бірінен кейін бірін тауып, тарихтың ақиқатына көз жеткізуі, Көшім ханның сүйікті жары Сүзгенің ержүрек тағдырын көркем әдебиетте жаңғыртуы, Сүзге ханымның бейнесін жасауы жазушыға тән еңбекқорлықтың жемісі», - деді Роза Мұқанова.

Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, PhD Хайрунниса Топчу баяндамасында жазушының Сүзге ханым мен Бозоқ аруына қатысты хикаяттарын ерекше ықыласпен талдап түсіндіреді.

«Басты кейіпкер – шығарманың атауынан да көріп отырғанымыздай  Сүзге ханым. Ол Көшім ханның кіші ханымы. Қазақ сұлтандарының бірінің қызы, сайын далада емін-еркін өскен Сүзге ханым жастай ұзатылып, сарайдағы шытырман оқиғаларға тап болып өзін бақытсыз сезінеді, бұдан шығар жол, амал таппайды. Ол өсектен, ерме сөзден ада, емін-ерін бұлаң табиғат аясында Ертіс өзенінің жағасында өмір сүруді қалайды. Көшім хан ханымының бұл өтінішін орындап, оған өзен жағасында қорған-сарай салдырады. Уақыт өте келе өзінің сұлулығымен, мейірімділігімен халықтың жүрегін жаулаған Сүзге ханым орыстардың шабуылына дейін Ертіс өзенінің жағасында шағын қалашыққа айналып үлгерген Сүзге Турада бақытты өмір сүреді. Сүзге ханымды кейіпкер ретінде даралап, хикаядағы басқа әйел кейіпкерлерінен өзгеше қылатын қырына тоқталайық: ол түркі қыздарына тән батылдық, ізгілік, даналық және еркіндікке деген құштарлық. Осы қырлары арқылы Сүзге түркі қыздарының тарихи символы болып табылады. Сарайдағы сұқ көздер, артынан ерген ыбыр-сыбыр сөздер, шиеленіскен оқиғалардан мезі болып, бөлек шыққысы келеді. Бұл да Сүзгенің өзгелерден айырмашылығын аңғартады. Хикаяның соңында оны алып кетуге келген Мұхамедқұлға ермей, жанын шүберекке түйіп, дұшпандарына халқын босатуды шарт ретінде ұсынуы оның өр мінезінің көрінісі. Әйтсе де Сүзге ханымға әдеби тұрғыдан баға берейік. Ол өзімен құрдас Мұхамедқұлды жастық шақтың толқуымен іштей ұнатып қалады. Алайда ол бұны Көшім ханға опасыздық деп есептейді. Бұл ойы оның жанын жегідей жейді, өзін кінәлайды. Дәл осы жағдай шығарма кейіпкеріне психологиялық тереңдік қосқан. Автор өз кейіпкерінің осы ішкі есеп-қисаптарында «ішкі монолог» деп аталатын баяндау формасын пайдаланған», - дейді Хайрунниса Топчу ханым өзінің баяндамасында.

Бозоқ аруы туралы ғалым былай толғайды.

«Кітаптың екінші хикаясы – Бозоқ аруы. Хикая негізі бір-бірімен тоғысып жалғасып жатқан екі әңгімеден тұрады, басқаша айтқанда, кадр мәтіні бар. Шығарманың алғашқы хикаясында зерттеуші Шырақбектің ортағасырлық қаланы табу үшін Астананың төңірегінде жүргізген қазба жұмыстары баяндалады. Бозоқ аруының хикаясы осы қазбада бас сүйегі жанынан табылған 800 інжу-моншақтан бастау алады. Шырақбек пен шәкірттері Інжугүл деп ат қойған, Шырақбектің түсіне еніп, сырын ашатын әйелдің аты – Бозоқ аруы. Шын аты – Бану  Шешек. Оның оқиғасы Қорқыт ата дастанындағы Бай Бура бектің ұлы Бамсы Бәйрек әңгімесіндегі Бану Шешек оқиғасына ұқсайды. Отбасы жылдар бойы сәби аңсап, ақыры Бану Шешек дүниеге келіп, армандарына қауышады. Әкесі оны ер баладай өсіреді. Ат жалына жармасып, жебе тартып, күресте шыңдалады. Тұрмысқа шығатын уақыт келгенде ол болашақ жарын таңдау үшін сынақ өткізіп, Хан-Төре деген жігітке ғашық болып, тұрмыс құрады. Бірақ бұл некеге қарсы болғандар Төрені өлтіргісі келеді. Ақырында Бану Шешек уланған жебемен өлтіріледі... «Бозоқ аруында» Бану Шешек арқылы алып әйел типі көрсетіледі. Түркі халықтарының көптеген эпостарында идеалды әйел ретінде көрінетін бұл кейіпкер – туған жерінің бір уыс топырағы үшін жанын беретін батыл жауынгер. Бүкіл өмірлері соғыспен өткен көшпелі халықтарда әйелдер де ерлермен қатар қолдарына қару алып, ат үстінде шайқасқан. «Бозоқ аруы» шығармасында Орта Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігі жайлы көптеген әлеуметтік және мәдени фактілер қамтылған», - дейді түріктің әдебиетші ғалымы.

Елордада өткен іс-шара шығармашылық иелері, ғалымдар, саясаткерлер бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, рухани серпілген жақсы күн болды. Салтанатты рәсімнен кейінгі әңгімелесуде Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай осы хикаяттар негізінде кино түсіруге болатынын да айтып жатты. Жазушы Роза Мұқанованың мына сөздерінен артық ештеңе тауып айта алмайтынымыз анық.

«Тарихты тірілтетін – өнер. Тарихтың әдебиетке, киноға, театрға жол тартуы – жаңа дәуірге, жаңа кезеңге жаңа көзқараспен қайта айналып оралуы. Өткен мен бүгіннің тілдесуі. Тарихты оқып зерттеу бар да, оны көркем әдебиетте жазу үлгісі бар. Меніңше соңғысы күрделі сияқты. Сонау ғасырлар тереңіне кеткен тарихи тұлғалардың соқтықпалы, соқпақты дәуіріне ену, дауысын есту, бейнесін жасау, саяси шиеленіске толы тағдыры, арман-мақсаты, күрескерліктен басталып, жорыққа ұласқан, соғыспен өткен бұралаң жолайрықтар. Суреткер осыған ғұмырын арнайды. Осы жолдағы ізденіс суреткерге жауапкершілік жүктейді.

Әдебиет – тазалық мекені, адамның жанын рухани байыта алатын, тазарта алатын киелі мекен. Шәрбану апамыздың шығармалары осы дәстүрді жалғастырған. Әдебиетке қызмет еткен, оқырманға үздік шығарма сыйлаған. Аман болыңыз, қаламыңыз қолыңыздан түспесін, оқырманыңыз көбейе бергей, еңбегіңіз жемісті болғай!» - деді әріптестік шынайы көңілмен тілектестігін білдіреді.

P.S. Шәрбану Бейсенова – қазақ тарихындағы аты аңызға айналған қазақ аруларының өмірін зерттеп, бірнеше кітап жазған қаламгер. Қолында қаламы, үйінде қазанын қайнатқан берекелі қазағымның талантты аруларының бірі. Қазақтың кең даласын, қоғамдық тынысын, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, хикаят жазып, тарихи сананы жаңғыртып, танымдық ой-пікір қалыптастырған жазушының ойы сергек, қаламы ұшқыр, әлі талай танымдық шығармаларды жазарына сенімдіміз. Солай болсын дейік.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ