Елдегі ЛГБТ ұйымын насихаттайтын сайт жабылды
ЛГБТ сайты бұғатталғанға дейін басты бетінде: «Selftanu.kz бұл - ЛГБТК+ жасөспірімдер мен өзін-өзі түсінгісі келетіндерге арналған жоба...», деген жазбалар болды.
Аталған сайттағы мақалалар мазмұны Қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға арналған ЛГБТ+ жасөспірімдер сайты елімізде алғаш тіркелген күні көпшілік «қарсымыз» деген петиция жариялаған болатын.
Министрлік сайтты бұғаттаудың себебін «selftanu.kz» балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты таратуға байланысты заңнаманың бұзылуымен түсіндірген.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында ЛГБТ қозғалысының идеяларын ашық интернет-ресурстарында тарату қауіпті. Ол мемлекеттік мәдени құндылықтар мен тарихи және дәстүрлі қағидаларымызға қайшы. Балалардың психо-жас ерекшеліктерін ескеріп, ақпараттық қауіпсіздік шараларын орнату негізінде бұғатталған.
Сондай-ақ, "Бала құқықтары туралы" заңда порнографияны тарататын, балаларға зиянды әсер ететін және құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану да заңмен қудаланады және оларды таратуға тыйым салынады делінген. Аталған себептер бойынша министрлік "selftanu.kz" интернет-ресурсына шектеу шараларын қабылдады, - деп жазды дереккөз министрлік өкілінің сөзін келтіре отырып.
Сондай-ақ Министрлік өкілі аталған сайт заң талаптарын орындап, ескерту орындалған жағдайда интернетке қосылу қайта қалпына келтірілетінін атап өткен.